Петропавлдағы мұржаның желден құлағанына сарапшылар сенбей отыр

Жылыту маусымында ғана еске түсе ме, әйтеуір еліміздегі жылу электр орталықтары сол кезде ғана есеп бере бастайды. Одан өзге уақытта оның жұмысын ешкім тексермейтінге ұқсайды. Сарапшы Евгений Лебедько тіпті бұл кәсіпорындарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ деп отыр. Жергілікті билік те қазандығы мен қондырғысы тозған жылыту орындарының жағдайын біле тұрып, ләм-мим демейді. Жыл сайын қыс келсе кей өңірде жылу болмай, жау­раған жұрттың базынасын ес­титініміз тағы бар. Тәуелсіз сарапшылар Петропавлдағы екінші жылу электр орталығындағы түтін мұржасының желден құлағанда күмән келтіріп отыр.

Евгений Лебедько, сарапшы-энергетик:

- Шыны сол, елімізде жылу-электр орталықтары, қазандықтардың барлығы дерлік тозған. Бюджеттен мил­лиард­таған қаржы бөліп, қазандық саламыз. Бірақ жаңасынан қайыр болмай тұр. Ал оның себебі тереңде жатыр. Мұнда істейтін арнайы мамандар да жоқ. Тек пайда табуды көздегендер отыр. Станция басшылығының кәсіпорынды жаңғыртуға қаржы салмағанынан осындай төтенше жағдайға тап болып отыр. Оларды бақылайтын орган да жоқ.

Сарапшының байбалам салатын жөні бар сыңайлы. Петропавлдағы екінші жылу электр орталығы 1961 жылы пайдалануға берілген. 1960 жылдан асқан мұржаның құлағанын дүйім жұрт көрді. 37 жастағы жұмысшының өмірін жалмаған төтенше жағдай бүкіл облыс үшін үлкен трагедияға айналды. Прокуратура дереу қылмыстық іс қозғалып, кәсіпорынның директоры мен бас инженерінің ұсталғанын мәлімдеді, мұржа желдің салдарынан құлауы мүмкін деген болжам жасалды.

Александр Клебанов, акционерлік қоғам директорлар кеңесі ің төрағасы:

- Ең әуелі қатты же дің әсерінен болды деп отырмыз. Металл мен бетонның өзі де ауыр, шытынауы мүмкін. Анық-қанығын зерттеп көрсететін боламыз. 

Сарапшылар айтқандай жағдай еліміздегі өзге де энергетикалық инфрақұрылым нысандарында болуы мүмкін екенін айтады. Республика бойынша, электр энергиясын өндіруді 180-нен астам электр станциясы жүзеге асырады. Оның 40-тан астамы жылу қуатын бөлетін орталық. Бұл нысандарда көбі кеңестік заманда салынған. Тозығы жетсе де қазіргі қожайындар күрделі жөндеуге инвестиция салуға құлық танытпайды дейді.

Сабина Садиева мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы:

- Бұл нысандардың барлығын түбегейлі тексеру қажет. Біз қазір тек инвестордың есебіне ғана сеніп отырмыз. Олай болмайды. Себебі алып мұржаның желден құлауы мүмкін емес. Мәселеге тереңінен үңілген жөн. Мемлекеттік бақылауды күшейту қажет.

Петропавлдағы қайғылы оқиғадан кейін бірден арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері төтенше жағдайдың себеп-салдарын анықтап жатыр. Алайда тәуелсіз сарапшылар мәселеге тереңірек үңілу қажет деп отыр. Жалпы еліміздің энергетика саласына түбегейлі өзгеріс қажет. Мемлекеттік бақылауды қалпына келтіру керектігін де алға тартады.

Айнұр Қуатқызы