Қарағанды облысының әкімі аудандарды аралап, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдап жүр

Қарағанды облысының шалғай ауылдарында тұратын халыққа шағымдарын жеткізу үшін енді облыс орталығына сабылудың қажеті жоқ. Аймақ басшысы әр ауданға өзі барып, қордаланған мәселелерді көзбен көріп, жұрттың өтініш-тілегін тыңдап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша биыл кенді өңірдің әкімі Жеңіс Қасымбектің халық алдындағы есеп беру жиыны жаңа форматта өтуде. Бұқар Жырау ауданында болған кездесуге біздің түсіру тобымыз да барып қайтты.

Қызылжар ауылындағы мына шағын спорт кешені осыдан 30 жыл бұрын салынған. Әбден тозып кеткен нысанды жергілікті жұрт қайта жөндеп беруді сұрайды. Сондай-ақ дәрігерлік амбулаторияны жаңартып, интернет желісін тартып берсе деген тілегі бар.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің Бұқар жырау ауданында болған есептік кездесуінде тұрғындар өткір тұрған әлеуметтік мәселелерді жіпке тізіп, шешіп беруді сұрады. Әсіресе, ауданда жер дауы өршіп тұр. Мал жайылымы жетіспейді.

Мұратбек Телегавал, Сарытөбе ауылының тұрғыны:

- Ауылдың жанында бұзау бағатын жер жоқ. Мал санымен есептесек, базада ірі-қараңыз мыңнан асты, қойыңыз мыңнан астам, жылқыңыз 400-дей бар. Малдың басы өсіп жатыр.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Біздің облыс бойынша 1 миллион гектар осындай жерді қазір анықтадық. Оны осы жылдың соңына дейін қайтаруымыз керек. Оның ішінде мына Көкпектінің қасындағы жерлер де бар шығар.

Кездесуде бұдан бөлек, апатты көпір, жол құрылысы, әлеуметтік нысандардың жетіспеуі, мал ұрлығы, коммуналдық жүйенің, электр желілерінің тозуы сынды бірнеше мәселе көтеріліп, әкім оларды шешуге күш салатынын айтып, уәде берді.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Сұрақтардың барлығы бақылауға алынады. Шешілмейтін мәселе жоқ. Бәрі шешіледі деп жоспарлап отырмын. Енді келесі рет тамыз айында келемін сіздерге. Тағы да бір көреміз, мына қойылған сұрақтарға жауабын бердік, енді нәтижесі қалай болады жарты жыл ішінде.

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Биыл 27 мың шаршы метр пәтер салынып, 17 спорт кешені ел игілігіне берілмек. 10 ауыл ауыз сумен қамтылып, ауыл шаруашылығы саласында 19 жоба жүзеге асады.

Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев