Тігіншілер арасында «Киелі кимешек» байқауы өтті – Тараз

Тараз қаласында тігіншілер арасында ерекше байқау ұйымдастырылды. Ісмерлер кимешек тігіп сайысқа түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға кәсіби шеберден бастап әуесқой тігіншілерге дейін қатысты. Байқау осы саладағы кәсіпкер қыздардың өзара тәжірибе алмасып, бір-бірімен байланыс орнатуға мүмкіндік берді. «Киелі кимешек» байқауына Бағила Әсіпқазы Құлан ауылынан келіп қатысты. Оған тігіншілікті әжесінен үйренген. Бала күнінен жанында жүріп меңгеріп алыпты. Қазір осы іспен нәпақасын тауып отыр. Ол шараға білгенін көрсетіп білмегенін үйренуге келген.

Бағила Әсіпқазы, Құлан ауылының тұрғыны:

Мен мұнда үш кимешек алып келдім. Біреуі әжелерге арналған. Ол өзімнің үстімдегі кимешек. Кестеленіп тігілген. Екінші кимешегіміз жас анаға арналған бисермен тігілген кимешек. Оюы шексіз ою деп аталады. Біз үшін өте маңызды. Өйткені мен осы кәсіпті әрі қарай дамытқым келеді.

Байқауға Бағиладан бөлек 8 ауданнан және Тараз қаласынан 14 үміткер қатысты. Дені мемлекеттен грант алып өзі ісін бастаған тігінші шеберлер. Көпбалалы аналар. Кәсіпкерлік саласына енді-енді бет бұрған қыз келіншектер.

Эльмира Мырзағали, «Анаға тағзым» орталығының директоры:

– Басында біз байқауды қалалық етіп өткізбек болғанбыз. Кейін әрі ойлап, бері ойлап отырып шет аймақтарда үнемі ұмыт қалып кетіп жатады. Қалтарыста небір біздің қолынан іс келетін қыз-келіншектеріміз бар. Соларды жарыққа шығарайық. Солар ортаға келсін, «Анаға тағзым» орталығында бәрі бас қосып, бір-бірімен тәжірибе алмассын деген ниетте өткізіп отырмыз.

Алғашқы кезеңде шартқа сәйкес кимешектің дайын үлгісін ұсынды. Оларды таныстыруға әр қатысушыға 5 минуттан берілді. Тігу барысы мен әдісі, қолданылған материалдар бейнеролик арқылы көрсетілді. Ал екінші кезеңде қазақтың ұмыт қалған салт-дәстүрлері, ұлттық әдет-ғұрпымызға қатысты көрініс қойды. Оларды өнеріне халықаралық деңгейдегі дизайнерлер қатаң төрелік жасап баға берді.

Айдархан Қалиев, дизайнер:

Қалай құрастырғанын. Қалай әшекейленген. Ұзындықтары соның бәрін салыстырып отырдым. Кішкене басқаша болып тұр. Соған қарағанда өкінішке қарай дәстүріміз ұмытылып бара жатыр-ау деп ойлап тұрмын. Анау хиджабқа ауысып кетіп жатыр.  Ешқандай арабтың культурасы керегі жоқ. Өзіміздің ұлттық қазақтың дәстүрі жетіп жатыр. Соны заманауи дұрыс қараса шығарса ол болады деп ойлаймын. Соған енді кішкене дизайн жағынан кәдімгідей ойластырып, бізге де бір өзімнен бастап жұмыс істейміз-ау. Болашақта олай болмайды.

Енді бұл бағытта белгілі дизайнерлер жұмыс істеп үлес қоспақ. Тың байқау тың идеяларды туғызды. Алдағы уақытта тігінші қыз-келіншектердің басын тағы бір қосып, шеберлік сағаттарын  ұйымдастырып, оқыту көзделіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә