Өзбекстанға Ресейден 193 мың еңбек мигранты оралды

Ресей асып, нәпақа тауып жүрген өзбекстандықтар еліне қайтып жатыр. Өткен айда 50 мың азамат оралған. Ал жыл басынан бері 133 мыңы өз шаңырағында отыруды жөн санаған. Енді бұл азаматтарға өз отанында жұмыс табыла ма, жоқ па белгісіз. 

Өзбекстанда жыл сайын экономикалық белсенді, яки еңбекке қабілетті азаматтардың 20 проценті шетел асады. Басым бөлігі Ресейде табыс тауып жүр. Бұл мақсатқа өзбек үкіметі арнайы қолдау көрсетіп, мигранттардың шекара асуына жағдай жасайды. Өзге елге аттанар алдында шығындарын өтейді. Ұшақ билетін сатып алып, алғашқы 1 апта ішінде жұмсайтын қаржысын қолына ұстатады. Кейін мемлекетке бұдан зор пайда келмесе зияны жоқ. Себебі шетелден миллиардтаған доллар кіріс келіп жатыр. Былтыр ғана әлемнің әр түкпірінде жүрген өзбек мигранттары еліне 8 млрд доллар қаржы аударған. «Ал Ресейде болып жатқан экономикалық жағдайлар осы көрсеткішті төмендетіп жіберуі мүмкін», - дейді сарапшылар. Жыл басталысымен 133 мың мигрант еліне қайтып үлгірді.

Әзизбек Юнусов, Сыртқы еңбек миграциясы агенттігі басшысының орынбасары:

- Жағдайдың неліктен бұлай болып өрбіп жатқанын білу үшін әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Оған 15 мың адам қатысты. 15 проценті жұмыссыз қалғаны, ал 25 пайызы ақша айырбас бағамының тұрақсыздығы салдарынан еліне қайтуға мәжбүр болғанын жеткізді.

Ресейде ғана емес, Түркия және Оңтүстік Кореяда еңбек ететін мигранттар бар. Ол жақтан да еліне оралып жатқандар кездеседі. Бірақ алғашқы үш айда қайтқан 200 мыңға тарта адамның дені Ресейдің үлесінде.

Әзим Ахматов, Сыртқы еңбек миграциясы агенттігі басқармасының басшысы:

- Ресейде табыс тауып жүрген мигранттардың айлық жалақысы кешіктіріліп жатыр. Бұған дейін мұндай мәселе болмаған. Ақпан-наурыз айында жағдай өзгерді. Бізге нақты 1300 адам құқықтық көмек сұрап хабарласты.

Енді өзбек үкіметі бұл азаматтарды еңбекпен қамту мәселесімен бас қатырады. Әйтпесе жұмыссыздар саны өсуі мүмкін. Бұл бағытта Президент нақты тапсырма берді. Аймақ жетекшілеріне шамамен 100 мың мигрантты жұмысқа орналастыруды міндеттеді. Бірақ соның өзінде еліне оралғандардың жартысына жуығына екі қолға бір күрек табылмай қалу қаупі бар.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатульяганов