Шетел асып ем іздегенше... Қазақстанда да ми мен жұлынға күрделі операция жасалады

Елімізде ми мен жұлынға 4 мыңға дейін күрделі операция жасалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда отандастарымыздың көбі шетел асып ем іздеп жүр. Елордадағы нейрохирургия орталығының дәрігерлері тіпті жұлын ішіне біткен ісікті де еш қиындықсыз сылып тастады. Әрі бұл ем міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасалады.

35 жастағы Алматы тұрғыны Владимир Самолкин осыдан бірнеше ай бұрын оң қолы мен аяғы жансызданып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Жұлын ішінде ісік бар болып шығып, ақырында шетел асып ем алмақшы болады. Кореялық дәрігерлер ісікті алғанмен, сал болып қаласыз деп қысқа қайырыпты. Ал онда бұл операцияның құны 22 мың евро тұрады екен. Қымбат болса да, бас амандығы үшін Германияға да анализ нәтижелерін жібереді. Алайда ондағы дәрігерлер мұндай аурулар Қазақстанда да емделетінін айтып, нейрохирургия орталығына жібереді.

Владимир Самолкин, Алматы қаласының тұрғыны:

- Басында шыны керек, мұндай операциялардың өзіміздің елде жасалатынын білмедім. Германиялық мамандар бізге не үшін келесіз, Қазақстанда нейрохирургия жақсы дамыған ғой дегенде таң қалдым. Маған операцияны білікті нейрохирург Талғат Тынышбайұлының өзі жасады. Бүгін операция жасалғалы тура бір апта болыпты. Қазір өзім жүріп-тұра алатын жағдайдамын. Көргендеріңіздей, қолымды қимылдата аламын. Бізде күрделі операцияны тек шетелде жақсырақ жасайды деген жансақ пікір қалыптасқан. Шетте сәтсіз операция жасатып келген науқастар да бар.

Отандық мамандар болса, бұрын күрделі деп жүрген операциялар өз елімізде тегін жасалатынын айтады. Ауырып ем іздегендер шетел асып, әуре-сарсаңға түспесе екен дейді. Әрі өзге елде жұлын мен миға ем шара құны 40 мың доллардан басталады.

Талғат Керімбаев, нейрохирург дәрігер:

- Қазір науқастың жағдайы жаман емес. Германияда, Кореяда болған науқастар айтып отыр, ол жақта аяқ-қол сынып та қалуы мүмкін. Бізге келген кезде кейбірінің аяқ-қолы істемеген. Екі күн тұрғыздық. Қазір 5-6 күн болды, шығады. Жалпы жағдайы жақсы, қол-аяғының күші орнына келді. Қазір өзіңіз көресіз, жақсы қимылдап жатыр. Ертең шығады. Бір апта ішінде осындай күрделі жағдайдағы науқас қалпына келіп, жұмысқа жарамды болды.

Мұндағы нейрохирургтер күрделі операция кезінде өте сирек әдісті қолданады. Әрі инновациялық медициналық технологияның озық үлгілерін еркін меңгерген. Сондықтан болар Владимир Самолкиннің жағдайы бір аптаның ішінде қалыпқа келе бастапты. Шетелдіктер сал болып қаласыз деген ол отандық дәрігерлердің көмегімен сырқатынан айығып шықты.

Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшиев