«Ақылды терезе»: Балаларды құлап кетуден қорғап қала аламыз ба?

Сәуір айында Қарағандыда тұрғын үйдің 5-қабатынан құлаған 2 жастағы қыз бала әлі күнге дейін ем алып жүр. Құлағанда денесінің сау тамтығы қалмаған. Дәрігерлер ем-домын жасап, енді оңалту шарасынан өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өкінішке қарай, көп жағдайда баланы аман алып қалу қиын.Тек Қарағанды облысының өзінде жылына 15-20 жағдай тіркеледі екен.

Ерік Шонбаев, облыстық Травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:

Қазір оның жағдайы тұрақты. Жақсы динамика байқалады. Келіп дәрігерлерге қаралып жүр. Деседе тек сәуір- мамыр айларында жоғарыдан құлап ем алған ондаған бала тіркелді. Олардың ішінде осы қабат үйдің терезесінен құлағандар да бар. Жаз басталысымен осындай жағдайлардың саны артады. Сондықтан ата-аналар баланы бір мезетке де назардан тыс қалдырмаса екен.

Сәуірдің 28-і күні Ақтөбе қаласындағы ағайынды Жұбановтар көшесіндегі көпқабатты үйдің терезесінен 2 жасар қыз бала құлады. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Он күн бұрын мұндай оқиға Өскеменде де тіркелді. 3-қабаттан құлап ауыр жарақат алған 4 жасар бала ауруханада жатыр.

Валентин Литвиненко, Өскемен қалалық тж басқармасының аға офицері:

Шығыс Қазақстан облысында 2020-жылы 4 бала терезеден құлап қаза болды. 2021-жылы мұндай бір дерек тіркелді. Сондықтан құтқарушылар ата-аналар мен ересектерге балаларды қараусыз қалдырмауды өтінеді. Шыбын-шіркейден көлегейлеп қойған тордан пайда жоқ. Арнаулы бекіту құрылғыларын орнатып, терезе алдына жиһаз қоймауға кеңес береміз.

Жоғарыда айтылған екі оқиға кезінде де үйде ересектер болған. Ойын баласы қауіпті сезбейді, бәрі қас-қағымда болады. Ақтөбелік оқушылар ойлап тапқан «ақылды терезе» ата-аналар үшін таптырмас көмекші. Бұған дейін айтқанбыз,жеткіншектердің жаңалығы автоматты жүйеге негізделген. Ақылды терезені кез-келген уақытта айқара ашып қоюға болады. Сезімтал ультрадыбыстық хабаршы терезеге біреутым жақын келсе, жедел жаба қояды. Белгі берілетін арақашықтықты реттеуге болады.

Әйкен Алтай, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

Құпия кодтың дұрыс немесе бұрыстығын шағын процессор анықтайды. Тиісті сандарды енгізгеннен кейін ғана қозғалтқыш жүйеге белгі беріп, терезе ашылады. Ал, ультрадыбыстық белгі берушіні терезе алдындағы тақтайға шақтап, 7 сантиметрден 7 метрге дейін бағыттауға болады.

Оқушылардың айтуынша бұл құрылғы орнатылса адамдардың абайсызда жоғарғы қабаттан құлау дерегін азайтуға болады. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамассыз ететін терезені жас өнертапқыштар меншіктеп, авторлық құқығын тіркеген. Қолдау болса, патент алып өндіріс ұйымдастырғылары келеді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков