Шымкентте биыл жол құрылысының екі жылдық жоспары орындалды

Биыл Шымкентте 348 шақырым жол жөндеуден өтіп, көлік көп жүретін көшелер қалыпқа келеді. Сондай-ақ, екі бағыт бойынша қатынайтын ескі автобустар толық жаңасына ауыстырылды. Осылайша қоғамдық көліктің  85 % проценті жаңарды. Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы талапқа сай қызмет көрсете алмаған тасымалдаушы компаниялармен келісім шартты бұзды. Жолаушылар тасымалындағы жаңа өзгерістер жайлы аймақтағы әріптесім толықтырады. 

Қаладағы 26 және 34-бағыттағы автобустар түгел жаңартылды. Бұл өзгерісті көп күткендер автобустардың сапасына сан рет шағымданған еді. Ескі көліктердің кестеден кешігетіні тағы бар. Олқылықты уақытында реттей алмаған тасымалдаушы компания өз жұмысын тоқтатты.

Мақсат Серікбаев, қала тұрғыны:

- 10-15 жылдан бері осы мәселе шешіле алмай жүрді. Уәдесінде тұрып жатыр. 7-8 минут интервал. 15 автобус жүріп тұр. Ішіндегі параметрлері қазіргі заманның сұранысына лайықты. 

Осылайша заман талабына сай жабдықталған автобустардың қатары артып, 85 % жаңарды. Енді тек үш бағыт бойынша қатынайтын қоғамдық көліктерді реттеу керек. Тасымалдаушы компанияларға берілетін субсидия 12 миллиард теңгеге жетіп, есесіне талап та күшейді. 

Ержан Жолдасов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- 30 бен 32 маршрутқа қызмет көрсететін ИП Абдугалиевке ескерту жібердік. Ол кісілер қыркүйек айына дейін жаңарту керек және «Санжар Моторсқа» да ескерту беріп жатырмыз. Егер де біздің талапқа сәйкес автобустарын жаңартып, интервалдарын уақытына қоймайтын болса біз тура осындай жағдайға алып келеміз. 

Ал шалғай жатқан елдімекендердің арасындағы жолдың жайы 2025 жылға дейін жақсырып, толық асфальтталады. Бұл кешенді жоспар аясында көшенің күрделі жөндеуі басталып кетті. 

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Ұзындығы 71 шақырым, 50 көшеге 2,3 млрд теңгеге қаржы қаралып, жұмыстар басталып жатыр. Бұл жерде қазір тұрғындардың негізгі есеп беру кезінде қойған мәселесі осы асфальт жолдар, аяқ жолдар, жарық шамдар болатын. 

Шымкентте қара жолдың 63,6 %-і қанағаттанарлық жағдайда. Ал тозығы жетіп, ойығы көбейген көшелерге жаңа асфальт төсеу мәселесі күн тәртібінде. Осылай деген жолға жауапты мамандар биыл 187 аумақта жол жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтады. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов