Қарағанды облысында аутист дертіне шалдыққан балалар жүзумен тегін айналысады

Жаттығуды біліктілігін шетелдік мамандардан ұштаған жаттықтырушылар жүргізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерекше жоба ауыр диагнозы бар балаларды қоршаған ортаға барынша бейімдеуге бағытталған. Қазірдің өзінде мұнда 80-ге жуық бүлдіршін жаттығып жүр.

Қарлығаш Жұмаділованың баласы 11 жаста. Қазір ол дәрігерлердің қойған диагнозына қарамай қоршаған ораға бейімделуде жап-жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Тіпті таэквондо үйірмесіне барып жүр. Бұдан былай тегін жүзу үйірмесіне де қатысады. 

Қарлығаш Жұмаділова, ата-ана:

-  Біз жүзу туралы білгенде өте қуандық. Бастысы сабақтар тегін. Себебі бізді басқа жаттықрушылар қабылдағысы келмейді. Барған күннің өзінде өте қымбат. Ең кемі 50 мың теңге. Оған барлық ата-ананың жағдайы келе бермейді. Ал балаларға қажетті процедура тоқтамауы тиіс.

Аутизм – бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі. Сондықтан бұл диагнозы бар балаларға су терапиясының берері мол. Тегін жобаны «Батыл жүрек» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Осында арнайы дайындықтан өткен 10 жаттықтырушы балалармен аптасына екі мәрте тегін жұмыс жүргізеді.

Гауһар Әкіжанова, жоба жетекшісі:

- Бізде екі топ бар. Онда даун синдромы, сал ауруымен ауыратын, аутизм да бар. Олар қосылып, инклюзивті болады. Яғни бұл аутизммен ауыратын балалар дені сау балалармен болған кезде бір-бірінен қайталау әдісі арқылы ортаға бейімделеді.

Аталған жоба жыл соңына дейін жалғасады. Егер ата-ана тарапынан сұраныс артса, кейін де жалғастыру жоспары бар. Қазірдің өзінде Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларынан аутизм диагнозы бар 80 бала тұрақты келіп, шұғылданып жүр. Атап өткен жөн, облыста бүгінде 67 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Дәрігерлер олардың көпшілігіне спортпен айналысуға тыйым салмайды.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпхар