Референдум: Шымкентте 12 халықаралық байқаушы жұмыс істеуде. LIVE

Референдум: Шымкентте 12 халықаралық байқаушы жұмыс істеуде. LIVE

Шымкентте үш жүзден астам дауыс беру учаскесі таңнан бері тұрғындарды қабылдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл қазір саяси науқанға бей-жай қарамаған халықтың ағыны қайта қарқын алды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

Мен қазір аймақтағы №98 дауыс беру учаскесінде тұрмын. Ел өміріндегі елеулі жағдайдан қалыс қалғысы келмеген азаматтар таңнан бері келіп жатыр. Аптаның демалыс күніне қарамастан жасы да, жасамысы да өз елінің тағдырына бей-жай қарамайтынын көрсетуге келген. Бұл дауыс беру учаскесіне жоғары оқу орнының қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері тіркелген. Тізімдегі азаматтардың 30%-і өз таңдауын жасап үлгерді. Жалпы референдумды ұйымдастыру деңгейі мен өткізу шарттарын бағалауға 12 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Дауыс беру науқанын объективті бағалау міндетін алғандар әзірге ешқандай талап бұзушылықтың тіркелмегенін жеткізді. Шаһардың 631 мың 133 азаматы конституциялық құқығын білдіре алады. Оның 5 мың 480-і алғаш рет дауыс бермек.

Қазақ елінің азаматымын. Сол үшін әр сайлауға қатысып, өз міндетімді орындаймын. Өз бала-шағамның бәріне қалмай келіңдер деп айттым. Олар өйткені біздің Қазақстанның болашағы деп сенемін.

Мен енді дауыс берген кезде осы референдумдағы айтылған нәрсе орындалады деген қуанышпен келдім. Солай халқымызға мүмкіндіктер жасалады екен деп дауыс беріп отырмын.

Референдум біріншіден, демократияның ең үлкен құралы болып есептеледі. Яғни Қазақстанның халқы мен билігінің арасындағы ең басты байланысы деп есептейміз.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

Сондай-ақ аймақтағы дауыс беру учаскелері ашылғанда алғашқы сағаттардың ішінде өз таңдауын жасап, ел тағдырындағы науқанға бей-жай қарамаған мекемелер бар. Яғни кейбір аурухана мен әскери бөлімдегі учаскелерде тіркелген дауыс берушілер толық келіп үлгерді.