Республиканың барлық өңірінде жұрт референдумға белсенді қатысып жатыр

Республиканың барлық өңірінде жұрт референдумға белсенді қатысып жатыр. Саяси науқанның салмағын түсінген тұрғындар таңнан бері учаскелерге толассыз келіп, таңдау жасады.

Бүгін Өскемендегі аяғы ауыр әйелдер мен жас босанған аналар перзентханада жатып-ақ өз таңдауларын жасады. 229 келіншек бір кісідей дауыс берді. Айта кетейік, референдум қарсаңында дәл осы ана мен бала орталығында 23 сәби өмірге келген. 

Ирина Безродная, қала тұрғыны:

- Көңіл-күйіміз тамаша. Осындағы аналармен бірге мен де өз таңдауымды жасадым. Бәрі де балалардың болашағы үшін ғой. 

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері де бұл күні референдумға ұлттық киімдерін киіп, отбасы мүшелерімен келді. Мәселен, Орал қаласындағы Данилбек Саратовтың атасы соғыс кезінде Қазақстанға жер аударылыпты. Содан бері төрт ұрпақ алмасқан үлкен әулет Қазақстанды өз отаны санайды. Әрі осындай маңызды саяси науқанға қатысуды парызымыз деп есептейді. 

Данилбек Саратов, шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:

- Біз осы елдің азаматы ретінде мұндай саяси науқанға белсене қатысуды өте дұрыс деп есептейміз. Осы жылдар ішінде қол жеткен табыстар біздің ортақ жетістігіміз. Міне, сондықтан да біз референдумға отбасымызбен бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. 

Ал Қарағандыда референдум учаскелеріне өз күшімен жете алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық бірлестіктің инватаксилері тасыды. 11 көлік күні бойы оларды қалаған жеріне жеткізді. Иринаның өзі де алғашқылардың бірі болып дауыс берді. 

Ирина Гарань, әлеуметтік көмек орталығының төрайымы:

- Саяси науқаннан қалыс қалмай, азаматтық борышымызды атқаруды дұрыс деп шештік. Тіркелген учаскеге келіп, таңдау жасадым. Рефрендумнан кейін еліміздің экономикасы одан әрі дамып, халықтың тұрмысы жақсара түсетініне сенемін.  

Таразда ғасыр жасаған қария референдумға қатысып дауыс берді. 101 жасқа шыққан Григорий Нещеретнев Ұлы отан соғысының ардагері. Ол маңызды саяси шараға бей-жай қарамай үнемі белсенділік танытады. Көне шаһардың қарт тұрғыны 32-ші дауыс беру учаскесіне бекітілген. Қарт майдангер өзінің Конституциялық құқығын пайдаланып көпшілікпен бірге дауыс беру пунктіне өзі келген. 

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында ұлттық киімдегі әжелер референдум учаскесіне келіп, шашу шашты. Көпбалалалы аналар елімізде өтіп жатқан бүкілхалықтық референдумның халық үшін зор қуаныш, үлкен той екенін атап өтті. Қазақтың салт-дәстүріне берік ауылдың әжелері ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жеткізді. Ал Арыс қаласы Ақдала ауылдық округінде өтіп жатқан референдумға тұрғындарды 100 жастағы Рысалды Бейсенбаева әжей бастап келген. Ел тағдырына алаңдаған кейуанамыз үйінде бейқам жата алмаса керек. Бұл күні референдум учаскелерінде өнерпаздар дауыс берушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ал Шымкентте қазақ батырлары саяси науқанға сауыт-саймандарын сайлап келіпті. Бойлары екі метрден асатын алыптар дауыс беру кабинасына еңкейіп кіріп, таңдау жасады. Кең жауырынды, апай төс жігіттер жұрттың назарын бірден аударғаны анық. Кейін елдер жаппай естелік фотоға түсті.

Ардақ Асылханұлы, Азамат Қасым, Талғат Серікқалиұлы, Руслан Бақытбекұлы, Жандос Жұмабек, Нұрсұлтан Мұхамеджан