Таразда қаңтар оқиғасына қатысқандарға сот үкім шығарды

Таразда осы қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарға сот жаза кесті. Заң алдында 13 адам жауап берді.

Бәрі де шартты мерзімге сотталды. Екеуіне 4 жыл, қалғандарына 3 жыл 6 айдан берілді. Олардың дені жұмыссыз. Кінәсі қаңтар оқиғасы кезінде мүліктерді қиратып, полицияға қарсылық көрсеткен. Оқдәрі мен қару-жарақ  ұрлаған. Олар сотта өз істеріне өкінетіндіктерін айтқан. Сондай-ақ судья қай-қайсының да шиеттей бала-шағасының барын ескеріп,  оларды сот залында босатты.

Айта кетейік, бұған дейін қаңтар оқиғасына қатысқан 8 адамға сот үкімі шығып шартты мерзімге сотталған болатын.

Бағдат Төребекұлы, №2 Тараз қалалық сотының судьясы:

- Сот үкімімен және пробация қызметіне жүктелетін міндеттерді орындауға міндеттісіздер. Түнгі уақытта үйде болу керек. Жұмыс, оқудан тыс уақытта үйде болу керек. Қала, аудан аумағынан сыртқа тек қана пробация қызметінің рұқсатымен ғана шығу керек. Түнгі уақытта үйде болу керек. Егер пробацияда жүріп, қылмыстық құқықтарға жол берсеңіз міндеттерді, талаптарды орындамасаңыздар онда пробация қызметінің ұсынысымен тағайындалған шартты түрдегі жаза күші жойылып, жаза толықтай өтелетін болады.