Маралды көлінің демалыс орындары турист қабылдауға дайын

Маралды көлінің жағалауындағы демалыс орындары туристерді қабылдауға дайын. Қазір соңғы дайындық пысықталып жатыр. Тұзды көлдің маңында киіз үйлер тігіліп, шомылуға арналған орындар жасақталды. Медициналық және полицейлік бекеттер орнатылды. Демалыс маусымы ресми түрде ашылмаса да алғашқы тынығушыларын қабылдап жатыр.

Маралды көлі Павлодар қаласынан 54 шақырым жерде орналасқан. Шипалы суы және батпағымен жұртқа танылған жерге жыл сайын мыңдаған адам демалуға келеді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Өткен демалыс орыны небәрі 40 күн жұмыс істеді. Жазда ауа райының қолайсыздығы мен карантиндік шектеулерге байланысты Маралды демалыс орыны небәрі 40 күн жұмыс істеді. Соның өзінде бұл жерге 24 мыңнан астам турист келген. Тынығушылардың көбі Маралдының шипалы су мен емдік қасиеттерге бай батпағына қызығады.

Карантин кезінде кідіріс болмаса, маусым сайын 70 мың адам тынығып қайтады. Олардың арасында еліміздің өзге облыс тұрғындары да бар. Шекаралар ашылған соң өзге ел азаматтарына да келуге жол ашық.

Нұрсипат Құрманова, демалушы:

– Екінші рет келдім. Суы ұнайды, батпағы ұнайды. Өте күшті болысады аяққа.

Ләззат Төлеубекова, демалушы:

– Осында осындай бір жақсы көл бар дегеннен кейін келіп кірейік деп келдік. Өте ұнады. Бірінші ретпіз. Киелі жерде орналасқан Маралды деген. Табиғаты да әдемі, ем шараларын жасауға болады екен.

Ішкі туризмді дамытуға бет бұрған кәсіпкер курорттық аумақты қалпына келтіріп жатыр. Тұзды көлдің жағалауы абаттандырылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалды. Бірнеше демалыс зонасы пайда болады.

Гүлмира Отарғалиева, кәсіпкер:

- Биыл баға қымбаттамайды. Балалар мен зейнеткрелерге жеңілдіктер бар. Келушілерге сапалы қызмет көрсету үшін өзге кәсіпкерлерді тарттық. Олар тек коммуналдық қызмет төлемін өтейді. Көлдің жағалауында бірнеше демалыс құрылады. Кез келген тынығушы қалтасына қарай таңдау жасай алады. Басты мақсат әр туристің көңілінен шығу.

Демалушылардың қауіпсіздігіне де басымдық беріледі. Медициналық және полиция бекеттері жұмыс істейді. 1000 адамға шақталған орын, киіз үйлер мен өзге де тынығу зоналары пайда болады. Десе де, бұның өзі аздық етуде. Кәсіпкерлердің айтуынша, ауа райы қолайлы күндері мыңнан астам адам келуі мүмкін. 

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат