Түркістан облысында ауылдағы медицинаны дамытуға күш салып жатыр

Түркістан облысында ауыл медицинасын дамытуға күш салып жатыр. Тұрғындар енді операция жасату үшін қалаға бармайды. Себебі жергілікті ауруханалар заманауи құралдармен жабдықталып, білікті дәрігерлер жұмысқа тартылмақ. Келесі жылдан бастап бір-біріне іргелес орналасқан бірнеше ауданның ауруханалары бірігеді.

Жанболат Ділдәбеков Түркістан облысының бас трансплантологы. Хирург адам ағзасын ауыстырудан бөлек асқазан, ішек, өт жолы сияқты басқа да күрделі операция жасайды. Білікті дәрігер осыған кейін Түркістан орталық ауруханасын бірнеше жыл басқарды. Жақында Сайрам аудандық орталық ауруханаға ауысты. Енді ол ауылдық жерде де күрделі операцияларды жасай беретін болады.

Айта кетейік, медицина қызметкерлері күніне орай Жанболатқа президенттің «Халық алғысы» медалі табыс етілді.

Жанболат Ділдабеков, Сайрам аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Түркістан облысында, Түркістан қаласында оның ішінде медицина саласына қосқан үлесіміз деп санаймыз. Сайрам аудандық орталық ауруханасы Түлкібас, Төле би аудандарының ауданаралық ауруханасы болып жоспарланып отыр. Күрделі операциялар жасалады. Мысалы, бауыр, асқазан, ішек жолдарына жасалады. Лапароскопиялық операциялардың барлық түрі жасалады. Зат алмасудағы операциялар, семіздік, қант диабеті, барлық операция түрі ендірілді.

Тәжірибелі хирургті ауданға ауыстыру үлкен жобаның басы ғана дейді мамандар. Себебі келесі жылдан бастап бір-біріне іргелес орналасқан бірнеше ауданның жергілікті ауруханалары біріктіріледі. Заманауи жабдықтармен қамтылып, дәрігерлер біліктілігін арттырады. Сөйтіп, бұрын облыс орталығында ғана іске асырылатын күрделі операциялар аудандық ауруханаларда жасалады. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін тиімді болмақ.

Марат Пашимов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұрын ауыр науқас түсетін болса, Шымкентке болмаса басқа қалаға тасымалдайтынбыз. Енді орталық ашатын болсақ, ол өз деңгейінде көмек көрсетеді. Одан кейін оны орталыққа апарудың қажеті болмайды. Операцияда сонда жасалады. Компьютерлік томограф бар, МРТ қойылады. Құрал-жабдықтардың бәрі ауданда болады. Олар халыққа қызмет көрсетеді. Мамандарды қазір оқытып жатырмыз. Келесі жылға бәрі дайын болады.

Түркістан қаласының медицина саласында да үлкен өзгерістер болады. Биыл жыл соңына қарай көп салалы медициналық орталық пайдалануға беріледі. 8 қабатты заманауи ғимарат бір мезетте 570 науқасты қабылдай алады. Мұнда 2 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов