БҚО-да 600 шақырым жол жөнделеді

БҚО-да 600 шақырым жол жөнделеді

Биылғы бес айда Батыс Қазақстан облысының өнеркәсіп өндірісі 2,4 пайызға артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бері қайта өңдеу саласында өсім 1,2 пайызға жеткен. Аймақта жыл аяғына дейін 600 мың шаршы метр баспана салынбақ. Екі мыңнан аса отбасы баспанамен қамтылады. Биыл аймақта 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр, бесеуі биыл тапсырылуы тиіс. 600 шақырымнан астам жол жөнделеді. Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген облыс басшысы Ғали Есқалиев аймақта кейінгі уақытта көрші елдердегі ахуал төңірегінде ауыл шаруашылығы мен ішкі сауданың өсімі кенжелеп қалғанын жасырмады.

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Ет өндірісінің азаюына байланысты ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бәсеңдеді. Сондай-ақ ішкі сауда-саттық көлемі төмендегені байқалады, бұған Ресейден тауар импортына шектеу себеп. Жалпы, биыл Батыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 230 млрд теңге болатын 21 жобасы қолданысқа енгізіледі. Бұл 800 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.