ШҚО-дағы «Бақты» кеден бекетінде тәркіленген тауарлар мұқтаждарға таратылды   

ШҚО-дағы «Бақты» кеден бекетінде тәркіленген тауарлар мұқтаждарға таратылды   

Шығыс Қазақстан облысының «Бақты» кеден бекетінде декларациядан өтпей қалған тауарлар әлеуметтік мекемелерге таратылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тауар салынған қораптар уақытша жүк сақталатын қоймаларда бір жылдан аса жатып қалған. Қалдырып кеткен заттарын иесі осы уақытқа дейін іздеп те келмеген. Қайта экспорттауға да ешқандай әрекет жасамапты. Нақтылай кетсек, кеден бекетінен заңсыз өткізілмек болған транзиттік тауар Қытайдан Венгрияға бағытталыпты. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, көп ұзамай бұл бұйымдарды мұқтаж адамдарға таратып беруге шешім қабылданған. Кеден бекетінің қызметкерлері мыңнан аса қорабты тәркілеген. Ол жалпы құны 42 миллион теңге тұратын киім-кешек, аяқ киім, ойыншықтар мен түрлі шығармашылық аспаптар. Заңсыз тауар 17 әлеуметтік мекемеге бөлінді. Оларды шамамен 3 мыңдай адам қолданады.

Айдын Ожайтов, Тарбағатай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы:

- Бұл тауарлар жойылуға берілетін. Кейіннен осындай шешім шығып отыр. Оны өзім дұрыс деп ойлаймын. Мұқтаж жандарға, балалар, қарттар үйлеріне бөлініп жатыр. Ол жақсы бастама деп ойлаймын.

Досжан Қажыбекұлы, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы:

- Аталған тауарлар сіздер көргендей жаңа, бұрын қолданыста болмаған. Әр түрлі трикотаж киімдер, аяқ киім, балалар киімі, бар.