Абай облысының тұрғындары Қалбатау - Үржар автожолын жөндеп беруді сұрап отыр

Абай облысының тұрғындарын Қалбатау – Үржар бағытындағы автожол әбден титықтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт жауапты органдардан айналма жолды жөндеп беруді сұрап отыр. «Қазавтожолдың» әрекетсіздігінен шаршаған көлік жүргізушілері редакциямызға хат жолдады. Республикалық маңызы бар Өскемен – Талдықорған тас жолының құрылысы биыл аяқталуы тиіс еді, бірақ жұмыс кешігіп жатыр.

Қалбатаудан Жетісу облысына дейінгі жолдың жағдайы осындай. Ұзындығы – 300 шақырым. Көліктің сау-тамтығы қалмайды. Жүргізушілер де әбден титықтаған. Төрт жылдан бері көргеніміз осы дейді олар.

Елшат Сүлейменов, Үржар ауылының тұрғыны:

- Аягөз бен 92-нің ортасы. Жол быт-шыт, сұмдық. Не істеуге болатынын білмеймін. Үшкір-үшкір тастар. Міне, көлігім тесіліп қалды. Өте ақырын жүретін адаммын. СКЛ. Мынаны енді білмеймін. Мемлекеттен осы жерге көңіл бөліп, жолды жасап берсе екен дейміз. 

Абай облыстық мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменовтің де бұл жолдың жағдайына көңілі толмайды. Депутат жақында осы жолмен жүріп өтіп, жағдайды көзімен көріп қайтты. Ол облыс басшысына, министрге, керек болса, мемлекет басшысына да хат жолдайтынын айтқан еді. Ал «Қазавтожол» өкілдері жол құрылысының кешеуілдеуіне мердігерлер кінәлі дейді. Қазақстандық компаниялар өз міндеттемелерін дұрыс орындамаған. Сол себепті құрылыс тоқтап қалды. 

Алтай Сәркен, Қазавтожол АҚ ҰК департамент директорының міндетін атқарушы:

- Қытайлық мердігер ұйымға 1 ай уақыт берілді. Осы уақыт ішінде бас мердігер ұйым өзінің жұмысының дайындығы мен қарқынын көрсетуі керек. Яғни учаскеге барынша арнайы техника мен персонал жұмылдыруы шарт. Егер де ол жұмысты орындамаған жағдайда шартқа сәйкес, шартты бұзу жұмыстары жүргізілетін болады. 

Өскемен – Талдықорған тас жолының жалпы ұзындығы - 768 шақырым. Соның 593 шақырымы жасалды. 2019 жылы басталған бұл республикалық автожолдың құрылысына 66 миллиард теңге бөлінген. Ол алдағы жылы пайдалануға берілуі тиіс.  

Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы