Енді мектепте шахмат факультатив пән ретінде оқытылады

Енді мектепте шахмат факультатив пән ретінде оқытылады

Шахмат мектеп бағдарламасына енгізілетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыда шахмат пен ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат салынады. Бүгін Мемлекет басшысы қабылдағандардың тағы бірі –шахматшы қыздарымыз. Президент олардың ұсыныстарын қолдайтынын жеткізді.

«Шахмат формасы жағынан ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал меңгеру жағынан – ғылым». Бұл – Кеңес заманында әлем чемпионы атанған Тигран Петросянның айтқаны. Осы бекзада ойынды меңгеріп, шахматтың шыңына шыққан қазақ қыздарын бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Мемлекет басшысы шахмат спортына ерекше көңіл бөлетінін айтып, бұқаралық деңгейге көтеру жолдарын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елде шахматты қалай дамытуға болатынын өздеріңізбен талқылағым келеді. Ол танымал спорт түріне айналса екен деймін. Кейбіреулер шахмат спорт емес деп жатады. Менің ойымша, олерекше спорт. Онымен айналысатын адамның интелектуалдық ойлау қабілеті өте жоғары болуы керек.

Осылай деген Президент шахмат спортын дамыту үшін мемлекет тарапынан жүйелі көмек көрсету, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және шахматты жеке спорт түрі ретінде насихаттау жөніндегі қатысушылардың ұсыныстарын тыңдады. Динара Сәдуақасова шахмат академиясының жұмысы жайлы ақпарат беріп, тамызда Атырауда халықаралық турнир ұйымдастырылатынын айтты. Бұған қоса, қазан айында республика күніне орай елордада турнир өткізуге ниетті екенін жеткізді. Президентке өзінің «Шахмат ойнап, үйренейік» атты кітабын сыйға тартты.

Ал Жансая Әбдімәлік Алматыда шахмат пен IT технологияны тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Жоспарды жүзеге асыру үшін гросмейстер мәселені қала әкімімен де талқылаған.

Жансая Әбдімәлік, Алматы шахмат федерациясының президенті:

Мамандандырылған мектеп-интернатқа республика бойынша дарынды балаларды іріктейміз. Оның базасында мың жарым оқушы шахмат және IT саласы бойынша білім алады. Өйткені шахматшы мен бағдарламашының ойлау қабілеті ұқсас болады. Бұған қатысты өзіміз де зерттеу жүргіздік және ғылыми баяндамаларда да бар.

Президент мектеп бағдарламасына шахматты факультативтік пән ретінде қосу, мектеп интернат ашу туралы ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ биыл Үндістанда өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында ұлттық құрама табысты өнер көрсететініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Көп ұзамай шахмат олимпиадасы басталады. Қазақ қыздары үнемі олжалы оралып келеді. Осы жолы да чемпион боласыздар деп үміттенемін. Дегенмен жарыс деген өте қиын нәрсе. Бәсеке деңгейі өте жоғары. Мен тілектеспін.

Бибісара Асаубаева Президент қолдауы спортшылардың өздеріне деген сенімін күшейтіп, рух беретінін айтты. Үндістаннан жеңіспен оралуға уәде етті.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа