Арал-Сырдария бассейні маңын құрғақшылық жайлап барады

Сырдарияның жалпы жылдық су қоры 37,1 миллиард текше метр болса, соның 12 миллиардтайы ғана Қазақстандағы бөлігіне келіп түседі екен. Соңғы 3 жылда бұл көлем тіпті төмендеп кеткен. Сол себепті Қызылорда облысындағы суармалы егіске бөлінетін лимит 3,6 миллиард текше метрге дейін қысқартылып отыр. Тамшылатып немесе жаңбырлатып суару технологиясын қолданып өсіру мүмкін емес күріш дақылы үшін бұл әрине қолайсыз жағдай. Дегенмен, гидромамандар тіршілік нәрін үнемдеу шараларын енгізу арқылы тығырықтан шығамыз деп отыр.

Қазақстан бойынша экологиялық проблемасы толық шешілмеген трансшекаралық өзен – Арал-Сырдария бассейні болып табылады. Жылдан жылға дарияға түсетін су көлемі азайып, өңірді құрғақшылық жайлап барады.

Сейітхан Әбуов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы:

- Қызылорда облысы шекарасы арқылы, Көктөбе су бөгеті арқылы секундына 505 текше метр су түсуде. Қызылорда су торабынан 60 текше метр су өтуде. Облыс каналдарына 307 текше метр су алынуда. Қазіргі таңда Арал теңізіне Ақлақ су бекеті арқылы секундына 4 текше метр су түсуде.  

Судың бәрі қайда кетеді? Әрине көп бөлігі егінге. Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты күріштің көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін дақылдар егілді. Алайда Сыр топырағы тұзды болып келеді. Топырақтың тозуын азайту үшін бәрібір күріш бастыру керек. Сондықтан ауыспалы егістік тәртібін сақтай отырып, күріштің көлемін 75-80 мың гектардан төмен түсіре алмайды. Енді суды үнемдеу үшін аймақтағы 19 магистральді канал мен жарты ғасырдан бері пайдаланылып келе жатқан 688 гидротехникалық құрылғыны жаңғырту ұсынылып отыр. 

Айдос Асанбаев, "Қазсушар" РМК Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Қызылорда облысынан республикалық меншіктегі 16 канал енгізілді. Және 9 су қойманың бірі облыс аумағында салынады. Ол Қараөзек су қоймасы. Су қоймасын салу арқылы Қазалы, Арал аудандарындағы шабындық, жайылымдық жерлерді, көлдер жүйесін сумен қамтамасыз етуге, сонымен қатар Қазалы аумағындағы 17 мың га суармалы егіс алқаптарын жаз айларында толық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.  

Облыста суармалы алқаптың жалпы көлемі 250 мың гектар шамасында. Оның 180 мың гектардайы инженерлік жүйеге келтірілген. Қазіргі таңда суармалы аумақты тиімді қолдану үшін 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоспарға сәйкес 29 мың гектар жерді айналымға қосу және 158 мың гектар егістіктегі ирригация және дренаж жүйелері жетілдірілмек.

Қайрат Жансұлтанұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда суармалы жерлердің 80% қалпына келтіріледі деп жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар жүзеге асуының нәтижесінде судың 30% дейін үнемдеуге мүмкіндік болады деп отырмыз. Су тапшылығының әсерін төмендету мақсатында Үкімет резервінен 3,6 млрд тг бөлінді. Ол қаржыға 21 канал тазаланады, 133 дана насос алынады. 52 ұңғыма қазылып жатыр. 

Аймақ жұртының 85%-і осы 1274 шақырымға созылған өзеннің бойында тұрады және табысы тікелей соған байланысты. Сондықтан су тапшылығы өңір экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізіп отыр.

Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов