Шымкент шаһарының туристік әлеуеті артып келеді

Кездесу барысында мәдениет және спорт министрі өнер мен туризмге бағатталған жетістіктерге ерекше тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі биыл Шымкентте 10 мәдениет ошағына жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Тағы жаңадан 2 өнер ордасы салынуда. Ал баланың бос уақытын тиімді үйлестіруге бағытталған үйірмелерге қатысты министрлік тарапынан нақты талаптар қарастырылып жатыр.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Қазіргі өтіп жатқан секциялар болсын кружоктар болсын ол ешқандай өрт сөндіру мәселесі мен камералар қою талаптары қойылмаған. Біз сондай талап қойып жатырмыз. Өйткені балалардың қауіпсіздігіне байланысты. Қалған сұрақтар ваучерлар қашан беріледі, неге тоқтап қалды ол әкімдіктердің құзыретінде.

Шаһардағы тарихи - археологиялық орындарды, «Шарықтай бер, Шымқала» фестивалін, гастрономикаялық жәрмеңке мен «Қошқарата сейілі» іс-шараларын тамашалауға шет елден келушілер көбейді. Сондықтан жыл соңына дейін мобилография фестивалі, шопинг туризмінің апталығы сынды тартымды шаралар ұйымдастырылмақ. Өйткені салаға мемлекеттік қолдау бар.

Ерлан Қыдыров, Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

- Мынау орналастыру орны, қонақ үй, хостел, хостестер соғатын болса мемлекет тарапынан 10% қайтарып, субсидия ретінде қайтарады. Жалпы 17 жасқа дейінгі балаларға әуе билеттері 100% субсидияланады. Шет ел туристерінен үшінші орынды иеленіп отырмыз.

Қазақ мультипликациясына зор үлесін қосып жүрген Шымкенттік аниматорларға енді мол мүмкіндік туды. Өйткені елімізде «Қазақ анимациясының» шығармашылық бірлестігі құрылады. Осылай деген министр биыл пилоттық жоба ретінде балаларға арналған 10  фильмді көпшілікке ұсынбақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов