Атырауда зағип жан жартылай дайын өнім шығаратын цех ашқан

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында уақытын бос өткізбей, кәсіпке бет бұрғандар көбейіп келеді. Солардың бірі Жолдас Ғұмаров. Атыраулық азамат жартылай дайын өнім шығаратын цех ашып, жұмысын жандандырып отыр. 

Бұрынғы спорт жаттықтырушысы Жолдас Ғұмаров осыдан 10 жыл бұрын көз жанарынан айырылған. Зағип жан уақытын бос өткізгісі келмей, кәсіп бастауды қолға алды. Тағдырдың сынына сынбай 9 жыл бұрын қоғамдық бірлестік құрып, 2015 жылы жартылай дайын өнімдер шығаратын цех ашқан. Қазір кәсібін дөңгелетіп отыр. Өнімге сұраныс та көп.

Жолдас Ғұмаров, цех директоры:

- Ең бірінші өзімнің отбасыммен келісіп, осы пельмени мен котлетті бастадық. Содан кейін әрі қарай кетті жұмысымыз. Жайлап манты жасадық, тефтели жасадық, голубцы жасаймыз, чебуреки, самса, сосын беляши сөйтіп кетіп жатыр. Вареники жасадық. Қазір соның бәрін халқымыз сатып алады. Өтіп жатқан тауар бізде жатпайды. Содан бері қазір 7 жыл болды.

Қазір цехта 10-ға жуық адам жұмыс істейді. Оның басым бөлігі көп балалы аналар. Жолдас Ғұмаров өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға да қол ұшын созуды азаматтық парыз деп есептейді. Қазір цех сауда орындарынан өз нүктелерін ашып, халықты қоспасыз таза өніммен қамтамасыз етіп отыр.

Сәуле Әбдірахманова, цех директорының көмекшісі:

- Осы цехқа келіп те сатып алып кетіп жатады. Базарда точкамыз бар. Сол жерден де сұраныс жақсы, өтіп жатады. Дүкендеріміз бар жіберіп отыратын. Сондай жағдайда жұмыс істейміз. Жұмысымыз жаман емес. Етті базардан аламыз.

Жолдас Ғұмаров құрған қоғамдық бірлестік құрамында қазір 150-ге тарта зағип жан бар. Олармен жиі кездесулер өткізіп, басқосып отырады. Өзінің тағдырластарына да еш сынаққа сынбау керегін айтады. 

Жолдас Ғұмаров, цех директоры:

- Оңай ештеңе жоқ. Қиын. Өзімнің басымнан өтті. Оның бәрін жеңе білуіміз керек. Ешкімге де көнбеу керек мен кем емеспін деп. Мысалы, шынын айтсақ, Атырауда жеті мүшесі сау жігіттер жүр жұмыс жоқ, дым жоқ. Неужели біз солардан кембіз? Тек кем жеріміз – көзіміз көрмейді. Қалған бәрі саумыз. Миымыз, басымыз, ақылымыз жетеді.

Жолдас Ғұмаров алдағы уақытта цехтың жұмысын жандандырып, қуатын арттырғысы келеді. Қазір өңірде цехтың өніміне сұраныс та артып отыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин