Құрбан айт 9-11 шілде күндері өтеді

Құрбандықты «QURBAN2022.kz» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайты арқылы да онлайн жасауға болады. Мал сою үшін Байқоңыр ауданы бойынша 6 және Сарыарқа ауданы бойынша 1 орын белгіленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрбан – мұсылман баласының өз еркімен Құрбан айт күндері Алла разылығына бөленуді ниет етіп, құлшылық амалы ретінде шалатын малы. Асыл дінімізде бұл ниеттің орны айрықша.

Нұрдәулет Әлмұханов, қалалық Дін істері басқармасының басшысы:

- Сол жерде құрбандық шалу орындарында таңғы сегізден кешкі алтыға дейін діни рәсімді жүзеге асыруға болады. Қалада құрбандық шалу екі бағытта өткізіледі онлайн және оффлайн. Пандемияға байланысты ҚМДБ қашықтан құрбан шалу жүйесін іске қосқан еді.

Ерболат Жүсіпов, қаланың бас имамы:

- Құрбан Айт күндері мал бағасы шарықтап кететіні ешкімге жасырын емес. Біз сондықтан шаруашылық қожалықтарына малды барынша төмен бағамен сатуға шақырамыз.

Баға демекші, елорда базарларында қой бағасы 50 мың теңгеден басталып, 70 мың теңгеге дейін барады.

Темірлан Дарханұлы, республикалық «Әзірет сұлтан» мешітінің наиб имамы:

- Бірақ айта кететін ерекшелік бұл қой мен ешкіге қатысты 6 айлық болса да рұқсат етіледі. Бірақ оның денесі, еті, семіздігі 1 жастық қоймен тең болуы керек.

Құрбандыққа сойылған малдың еті мұқтаж жандар мен аз қамтылған отбасыларға үлестіріледі. Тағы басқа да діни мәселелер бойынша ақпарат алу үшін тәулік бойы «109» Call-center жұмыс істейді.

Авторы: Мирлан Алтынбек