Өскемендегі қауіпті алаңдар: тұрғындар балаларын жалғыз жіберуге қорқады

Жаңа ықшамаудандағы балалар алаңы тасты жерде орналасқан. Қоршалмаған үш метрлік аумақ тіпті футбол алаңының дәл төбесінде тұр. Тұрғындар осыған алаңдайды.

Балаларын жалғыз жіберуге қорқады. 

Ләззат Тоқтарова, қала тұрғыны:

- Балалар ойнай алмайды. Бәрі тас, бәрі топырақ. Есік алдына шықса үстерін былғайды. Үйге тас, құм апарамыз. Бастарын жарып алады, құлап қалады. Үйді берді, бірақ алаңын дұрыс істеген жоқ.

Мұндай қауіпті алаңдар қалада аз емес. Мәселен, көп балалы отбасылар тұратын үйдің алдындағы ауланы абаттандыруға бюджеттен 90 миллион теңге бөлінген. Алайда жергілікті мүлік иелері бірлестігінің жетекшісі Татьяна Литвинованың атқарылған жұмысқа көңілі толмайды.

Татьяна Литвинова, МИБ жетекшісі:

 - Жұмысты істеген соң соңына дейін жеткізу керек қой. Мынау не? Балалар қайда серуендейді? Жиектастардың түрі анау. Құлап қалмасына кім кепіл? 

Бұл жердегі алаңның абаттандырылуы назардан тыс қалған секілді. Ал мердігерлер «бізден кінә жоқ. Барлығын жоба бойынша істедік» деп отыр.

Ерасыл Жуанышев, мердігер ұйым өкілі:

- Біздің құрылыс бөлімімен қол қойып, келісілген жобамыз бар. Жобадан тыс нәрсені істей алмаймыз. 2017 жылы жасалған келісімде осылай деп тұр.

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, ауладағы абаттандыру жұмыстары толық аяқталмаған. Белгіленген мерзімі бар.

Мерей Әкімжанов, қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Үйдің тұрғындарының айтуынша, көп ақаулар бар. Бұл жерде жоба бойынша жұмыстар жүргізіледі, мавтар әлі қойылып, көгалдандыру жұмыстары әлі жалғасады. Аяқтау қыркүйек айына жоспарлануда.

Өскеменде 2017 жылдан бері 156 аула абаттандырылған.  Бұған жыл сайын 500 миллионнан 1 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Биыл облыс орталығында 27 балалар алаңы салынбақ. Сандар осылай сөйлейді. Ал тұрғындар аулалардың санына сапасы сай болса дейді.

Авторлары: Азамат Қасым,  Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин