«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуын Антикор қадағалайды

Қарағанды облысына қарасты Баймырза ауылының ішкі жолдары 90 процентке дейін тозған. Салдарынан ауыл тұрғындары жүріп-тұруда қиыншылық көріп жүрген еді. Былтыр «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында мұнда орталық жолдар жөнделе бастаған. Бірақ мердігерлер бастаған істі тастап, аяқсыз қалдырыпты. Тұрғындар шағымынан кейін іске Антикор араласып, жұмыс қайтадан басталған.

Мида Жанасылқызы Баймырза ауылына қоныс аударғалы бері тақтайдай тегіс жол болмаған дейді. Былтыр техника келіп, тас жол төселе бастағанда тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Бірақ, тамыздың аяғында басталған жұмыстар былтыр аяқталмай, ал сорақысы биыл жалғаспай қалған.

Мида Жанасылқызы, Баймырза ауылының тұрғыны:

- Бір жерде сапасы жақсы, енді бір жерде жаман. Ойық жерлер, жұқа салынған жерлер бар. Ол кемшіліктерді тендер ұтқандар биыл келіп реттейміз деген. Енді тосып отырмыз. Осы көшенің қалдығы істелмей қалған.

Биылдан қалса көпке қалатынын сезген тұрғындар жан-жаққа хабарласып шағымдана бастайды.  Өздері дауыс беріп сайлап алған ауыл әкіміне де маза бермейді. Нәтижесінде тұрғындар шағымын антикор қызметі назарға алып, тексере бастайды.

Әсел Жүнісова, Баймырза ауылының әкімі:

- Ауыл ел бесігі бағдарламасы бойынша 6,8 шақырым жол бізде асфальтталған. Толық жұмыстар әлі де жалғасуда. Биыл енді бітіреді деп үміттенеміз.

 Малика Күсенбаева, "Сарыарқа адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Бізге осы ауылдың тұрғындары шағымданған. Содан кейін антикоррупциялық қызметпен бірге тексеруге шықтық. Нәтижесінде мердігер 1 аптаның ішінде былтырдан қалған жол бөлігін толық қалыпқа келтірді. Оны өздері кепілдік мерзім аясында жөндедік деп отыр. Біз осындай тексеру жұмыстарын осы бағдарлама аясындағы өзгеде елдімекендерде жалғастырғымыз келіп отыр.

Атап өткен жөн, биыл облыстың 13 қаласы мен аудандарында ұзындығы 180 шақырым жол қайтадан салынады. Ақтоғай мен Шет аудандарында да 12 шақырым ауылішілік жол жөнделеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында да 80 шақырым жолға қаржы бөлінген. Ал жол сапасының талапқа сай болуын ұлттық сапа орталығы қадағалайтын болады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпхар