Қостанай облысында апатты көпір жөнделмей тұр

Арқалық қаласын еншілес елді мекендермен жалғайтын көпірдің жағдайы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары пайдалануға берілген өткел әбден тозған. Жылда ешқандай қажетті техникалық күтім көрмеген нысанның үсті шұрық-тесік. Көлік түгілі адамдар әупірімдеп жүруге мәжбүр. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

Арқалық қаласын Родина ауылы және Новый шағын ауданымен байланыстыратын бұл көпір 60 жылдан астам уақыт бұрын салынды. Содан бері ешқандай жөндеу жұмысын көрген жоқ. Әсіресе мынау жаяу жүргіншілер жолағы апатты жағдайда. Бетондары іріп, жақтаулары әр жерде құлап жатыр. Тұрғындар бір күні көпір құлай ма деп қорқады. 

Өткелдің үстімен түн түгілі күндіз жүрудің өзі қауіпті. Әсіресе соңғы екі жылда айтарлықтай сыр бере бастады. Қазіргі жағдайы адам шошырлық. Тозған көпір саңылауларынан жер көрінеді.      

Болат Әбдібеков, Арқалық қаласының тұрғыны:

– Жаяу жүретін адамдарға қауіпті. Оң жақтан, сол жақтан да асфальттың бәрі түсіп кеткен. Кейбір жері 45 см. Кейбір жері былай ойылып түсіп кеткен. Оның бәрін әкімдікке жеткіздім видеоға түсіріп. Өзімнің учаскелік полицейіме. Соған көрсеттім.

Бірақ тұрғындардың шағымына ешкім құлақ аспады. Нысан көп жыл бойы қалалық әкімдіктің есебінде болған жоқ. Сондықтан қараусыз қалған көпірдің темір конструкциялары ілінгеннің қолында кетті. Бағалы металға өткізілді. 

Қорғанбек Әбдібеков, Арқалық қаласының тұрғыны:

Бұның бөгеті болған. Оның темірлерін ұрылар жұлып алды. Қазір суы далаға кетіп жатыр. Осы мәселені көтеріп келе жатқаныма 15 жыл болды. Бізбен ешкімнің шаруасы жоқ сияқты.

Жергілікті әкімдік көпірдің апатты жағдайда әрі қауіпті екенін биыл ғана мойындады. Алайда оны жөндеу үнемделетін қаражатқа, мердігермен жасалатын ұзақ мерзімді келіссөздерге байланысты. 

Талғат Жексембин, Арқалық қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Демченко көшесі бойынша орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Барлығы 2,7 шақырым. Сол қаражат есебінен біз осы көпірді жөндеу жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Бірақ тек жоба ретінде. Ешқандай құжаттарымыз, есептеулеріміз жоқ.

Көпір үнемделген қаражат есебінен жөнделсе, онда белгіленген жұмыстарды қазан айына дейін аяқтау көзделген. Олай болмаған жағдайда облыстық бюджетке өтінім жіберілмек. Сәйкесінше құрылыс жұмыстары да кейінге шегеріледі деген сөз.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг