Қосылмаған табиға газ үшін түбіртектер келіп жатыр – Жамбыл облысы

Ауыл тұрғындарынан көрсетілмеген қызметке ақы төлеуін талап етті. Жамбыл облысы Қордай ауданының Қызылсай ауылында үйлерге өткізілмеген газ үшін түбіртек келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылдықтар мұндай түсініспеушілік жергілікті биліктің жалған ақпарат беруінен туындап отыр деп есептейді. Қызылсай ауылына көгілдір отын құбыры 3 жыл бұрын тартыла бастаған. Әр отбасы үйлеріне дейін кіргізу үшін 350-ден 450 мың теңгеге дейін шығынданған. Алайда мердігер компания ауылдағы 40 үйді ғана газдандырыпты. Қалған 170 үй әлі де табиға газдың игілігін көре алмай отыр. Алайда оларға газ ақысын төлеу жөніндегі түбіртектер келе бастаған.

Бейқұт Тоғызақова, Қызылсай ауылының тұрғыны:

7 мың теңге төлейсің дейді. Газ жоқ, ештеме жоқ, неге төлеймін? Кіргізіп, дап-дайын тұр. Тек пешіміз жоқ. Ал арғы жақта қаңтарда келді ма, қашан келді? Сондамына екі ортада, арғы жақта бар, бізде жоқ.

Асқарбек Молдажанов, Қызылсай ауылының тұрғыны:

Мына шот келіп жатыр. Маған өткенде мартқа төле деп бір звандады. Қордайға звандасам жағдайды білмейді олар. Олар айтады, қалайша сендерде газ жоқ деп. Жіберген жоқсыңдар дедім. Одан кейін 3-4 күн болды тағы да келіпті. Қордайға звандас ам, қызмет үшін дейді. Қандай қызмет көрсеттіңдер деп жатырмын?

Абылайбек Ыбыраев, Қызылсай ауылының тұрғыны:

– Мен өзім 450 мың теңге төледім. Анау-мынау деп 1 миллион теңге ақша кетті. Бір жыл болды. Былтыр қыс бойы көмір сатып алып шықтық. Қордайдың райгазына 60 мың теңге төледік, келіп қосу үшін. Рұқсатына дейін алып қойдық. Өткенде келіп счетчикті суретке түсіріп кеткен, одан кейін кветанция келіпті. Квитанция үйде тұр. 2 мың бірдеңе теңге газ жақтыңдар деп.  

Аталған мәселеге қатысты мердігер де, облыстық «ҚазТрансГаз» компаниясының филиалы да пікір білдіруден бас тартты. Ал жергілікті билік аудандағы газға жауапты мекемені кінәлап отыр. 

Айдын Асылбек, Ауқатты ауылдық округі әкімінің м. а.:

Оның бәрін біліп отырмыз. Сіздер жақпаған газға сіздер төлемейсіздер. Райгаздың жіберген қателігі болып тұр ғой. Ондай проблема ауқаттыда да болған. Бірақ ауқаттыдағы тұрғындар райгазға барып, ақыр аяғында төлемейтін болды. 

Жарты жылдан бері пайдаланбаған газ үшін түбіртек алып отырған Қызылсай ауылының тұрғындары бұл түсініспеушілік жоғарыға берілген жалған ақпараттың салдары, дейді. Өйткені облыстың бұрынғы әкімі ауылдарда газ мәселесі жоқ деген-мыс. Қазіргі аймақ басшысы бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. 

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

Газ мәселесін енді анықтайық. Шынын айтамын, оның жағдайын жақсы білмеймін. Бірақ жаңағы баяндамада, жоспарды айтып кеттім. 2025 жылы 100 процент 371 мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Ал Қызылсай бойынша Қордай ауданына барғанда міндетті түрде кіріп зерттеймін.

Жергілікті билік пен Қызылсай ауылы тұрғындарының айтуынша, осы бейнесюжеттің түсірілімінен кейін үйлерге газ тарту жұмыстары қайта жанданыпты.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Анастасия Сүлейманова, Руслан Ахатіллә