Балалар, полицейлер мен жүк көлік жүргізушілері жолдағы қауіпсіздікті насихаттады

Қарағанды облысында жолдағы қауіпсіздікті насихаттау ісіне балалар, полицейлер мен жүк көлік жүргізушілері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қауіпсіздігі сын көтермей тұрған  «Алматы-Екатеринбург»  тас жолының бойында ескертпе баннерлер ілінген көліктермен жүріп, ал жүргізушілерге жеткіншектер қауіпсіздік шаралары туралы жазылған анықтамалар таратты. Олардың арасында осыған дейін де қауіпсіздікті насихаттап, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің сүйіспеншілігне бөленген 5 жастағы Бағдәулет Ағзамов та бар.

Атап өткен жөн, аталған күре жолмен тәулігіне 8 мыңға жуық көлік жүреді. Қарағанды облысы арқылы өтетін бөлікте жыл басынан бері  15 жол-көлік апаты тіркеліп, онда 35 адам жарақат алса, 26 кісі жан тәсілім болған.  Ал, жыл басынан бері облыс бойынша 62 жолаушы қаза тауып, 180-ге жуық адам ауыр жарақат алған.

Расул Насипов, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Мен бұл жолмен ылғида жүремін. Жеңіл көлік жүргізушілерін айтпағанда тіпті жолаушылар тасымалдайтын автобустардың да жолды көлденеңінен кесіп қарсы бетке шығып кетіп жататын жәйттарын жиі көремін. Сондықтан мұндай қауіпсіздік шараларын толық қолдаймын. Мен де көлігіме баннер іліп жол қателіктерді кешірмейтінін жеткізгім келді.