Алматы облысында заңсыз кірпіш зауыттары сүріледі

Қайназар ауылында тұрғындардың тынышын алып, күйзелтіп болған кірпіш зауыттары бұзылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың бірі дәл үйлердің іргесінде жұмыс істесе, екіншісі зираттың жанындағы топырақтан кірпіш жасаған. Тұрғындар осы күнге дейін құзырлы органдарға талай рет арызданған екен. Бірақ заңсыз зауыттардың жұмысын тоқтата алмай келген. Қайназарлықтардың шыдамы шегіне жетті. Тау бөктеріндегі ауылдың сары топырағына қызыққан кәсіпкерлер заңды белшесінен басып, кірпіш зауыттарын салып алған. Кәсіпорын санитарлық аумақты сақтамай тұрғын үйлерге жақын орналасыпты. Оған қоса, құрылыс нысандары құзырлы органдардың рұқсатынсыз салынған екен. Заңды белшесінен басқан кәсіпорынның жұмысы істеуі де заңсыз дейді жұрт.

Нұржан Сағидоллаұлы, Қайназар ауылының тұрғыны:

– Қарашадан бастаған, яғни, билікпен ақылдаспай, халықпен ақылдаспай санитарлық аймақта өз білгенінше құрылысты жалғастыра берген. Аудан әкімі келіп ескертсе де жалғастыра берген. Қазір бұл жерде архитектураның бекітуі бойынша беске жуық заңсыз құрылған ғимараттар бар. Соның ішінде кірпіш зауыты бар, кептіретіні бар, фармовкасы бар, цехы бар былай айтқан кезде тура ауылдың ішіне кіріп тұр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, аталған кірпіш зауыттарының шаңы адамдардың денсаулығына кері әсер етуде. Ауылда аллергия, демікпе аурулары жиілеп, тұрғындардың денсаулығы сыр бере бастаған. Экологиялық проблеманы құзырлы органдар көрсе де шара қолданбай отыр, дейді.

Келгенбай Тұяқов, Қайназар ауылының тұрғыны:

– Ауылдың балалары мен үлкендерінде аллергия қаптап кетті қазір. Аллергия ол есепте тұрмайды. Оның арты демікпеге айналып кетуі мүмкін, оны дәрігерлер біледі.

Облыс әкімдігі тұрғындардың арызын қарастырып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, халық айтқан кірпіш зауытына қатысты заң бұзушылықтарды анықтап, құжаттарды сотқа жібереміз, деп уәде берді.

Ғалымұрат Жүкел, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

– Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде және мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының жүргізген тексеру нәтижесінде осы заңсыз салынған нысандар анықталды. Алдыңғы сот шешімі бар бұзу туралы. Енді келесі нысандардың барлығына да осындай құжаттар жиналып жатыр. Алдағы уақытта бұлардың барлығы сүрілетін болады.

Қайназарлықтар осыған дейін зират жанындағы карьерді мақсаттан тыс пайдаланып, кірпіш зауытын салып алған кәсіпкердің заңсыздығын сотта дәлелдеген.

Аршын Кемелжан, тілші:

Менің артымда мынау заңсыз кірпіш зауытының жұмысы сот шешімімен тоқтатылды. Алайда 6 жылдан бері жерді мақсатынан тыс пайдаланып келген кәсіпкерге карьерді қайтарып бергені үшін халық наразы.

Қайназар ауылы жанында тағы екі кірпіш зауыты бар. Олардың қаншалықты заңды немесе заңсыз жұмыс істеп тұрғанын, санитарлық аумақтың сақталу нормасы алдағы уақытта тексерілмек.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев