Көкпектіде балаларға арналған лагерь жоқ

Абай облысындағы Көкпекті ауданында балалар демалатын жазғы лагерь жоқ. Оқушылар бұған дейін жақында құрылған Самар ауданындағы «Балауса» лагерінде тынығып келген. Енді олар қайда барарларын білмей дал. Көкпектілік ата-аналар қараусыз қалған бұрынғы балалар үйінің лагерін қайта қалпына келтіруді жөн санайды. Ал жергілікті шенеуніктер бұған не дейді?

Көп балалы ана Асыл Төлешева биыл ұлдарын жазғы лагерьге жібере алмады. Балалары жыл сайын жеңілдікпен тынығып қайтатын демалыс орыны өзге ауданның аумағында қалған. «Бұл жалғыз менің ғана басымдағы мәселе емес. Аудандағы мектепте баласы оқитын барлық ата-ананы алаңдатып отыр. Бұрынғы балалар үйіне қарасты лагерьді тез арада қалпына келтірсе жақсы болар еді» дейді.  

Асыл Төлешева, Көкпекті ауылының тұрғыны:

- Соны қайтадан күрделі жөндеу жасап, пайдалануға берсе. Балаларымыз демалып, жазғы уақыттарын босқа өткізбес еді. Бұл көп балалы аналардың арманы.

Көкпектілік аналардың айтып отырған балалар үйі 2016 жылы жабылған. Нысан аудан орталығындағы Шәйжүнісов атындағы орта мектептің балансына берілген. 2020 жылы мұнда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сырты қоршалып, спорт алаңдары жаңғыртылған. Бұрын пайдаланылған екі жатақхана, әкімшілік ғимарат пен асхананың терезелері ғана сынған.

Осындағы жетімдер үйінде тәрбиеленіп, кейін директор болған Галина Орсаева былай дейді: «Оны қалпына келтіруге болады. Ең бастысы, нысандар бұзылмай сақталған. Лагерь қайта жаңғырса, бұл жерде 150 баланы демалдыруға мүмкіндік бар».

Галина Орсаева, балалар үйінің бұрынғы директоры:

- Бұл лагерьдің менің өмірімдегі орыны бөлек. Орналасқан жері де ғажап. Осындай тамаша нысанның қараусыз тұрғаны жүректі ауыртады. Мұнда бәрі бар. Өзен де, жағажай да, спорт алаңдары да бар. Балалардың демалысы үшін таптырмайтын жер. 

Аудандық білім бөлімінің есептеуінше, бұрынғы лагерьдің ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу үшін 100 миллион теңге шамасында қаржы қажет. Бірақ дәл қазір ауданның нысанға ақша бөлуге дәрмені болғанымен пәрмені жоқ. Себебі, бұл жер облыстық Білім басқармасына қарайды.

Қажет Жүнісбекұлы, Көкпекті аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Сол үшін аудандық бюджетке ауыстыру керек. Содан кейін оған қаржы бөледі. Күрделі жөндеу болғаннан кейін қаржы көп кетеді. Жолды жасау керек. Су құбыры бар, терезе-есік бар. Жарық орнату керек.

Балалар жылына орай елдегі сауықтыру лагерьлерінің саны артқан. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл жазда республика бойынша 11 мыңнан астам балаларға арналған демалыс орындары жұмыс істейді. Абай облысындағы 11 лагерьде 4803 баланы тынықтыру жоспарланған. Ал Көкпекті ауданында 2 жарым мың оқушы бар. Ескі лагерь қалпына келсе, бір ауысымда 60, бір маусымда 600-ге жуық баланы демалдыруға мүмкіндік туады.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы