«Жер аманаты: Маңғыстау облысында 240 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Ауыл тұрғындарын мал азығы мәселесі мазалайды. Себебі жайылымдық жерлердің басым бөлігі жекенің қолына өтіп кеткен. Ал төрт түлікпен күнелткен алыстағы ағайын тақыр жерді амалдауға мәжбүр. Дәл осындай түйіткілмен Маңғыстау облысының тұрғындары да жиі кездеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл қазір «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен мұнда 240 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Партия мүшелері өзге де елді мекендерді аралап жүр. Соның бірі – Түпқараған ауданындағы Таушық ауылы.

Амангелді Жүнбасов, Таушық ауылының тұрғыны:

– Ауылда қойдың жайылатын жері жоқ. Мал жайылатын жерге барсаң, аналар қуады. Мынау менің жерім деп. Осы біздің жерімізді кеңейтіп беріңдерші. Ауыл іші халқының сұрайтыны сол.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Қай ауылға, қай ауданға бармайық, үлкен мәселе жер деп көтереді ел. Осы мал жайылатын жер жоқ. Партия осы мәселені мұрындық болып қолына алып, Бас прокуратура бар, ауылшаруашылық министрлігі бар, жер комитеті бар, қоғам белсенділері бар солардың басын біріктіріп, осы мәселеге кірісіп жатыр.

Сондай-ақ партия өкілдері өңірдегі өзге де өзекті нысандардың құрылысымен танысты. Алдымен Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында салынып жатқан 600 орындық мектепке барды. Биыл білім ордасы пайдалануға берілсе, елді мекендегі мектеп тапшылығы толығымен шешіледі. Сондай-ақ Ақтау қаласындағы 432 пәтерлік көп қабатты үйлердің де құрылысын көріп қайтты. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тұрғын үй кезете тұрған халықтың осал тобына беріледі.