Тұрғындар жиырма жылдан бері жол азабын тартып келеді – Қостанай облысы

Тұрғындар жиырма жылдан бері жол азабын тартып келеді – Қостанай облысы

Қостанай облысы Қарабалық ауданының Сарыкөл ауылы тұрғындары жиырма жылдан бері жол азабын тартып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатынас қиындығын айтып, талай басшының табалдырығын тоздырған. Былтыр біздің телеарна тілшілері бұл проблеманы көтеріп, жұртшылықтың жанайқайын жеткізген еді. Атқамінерлер сол кезде жолды жөндеуге уәде еткен еді. Содан бері не өзгерді?

Аудан орталығы Қарабалық пен Сарыкөл ауылының арасындағы көтерме жолдың жөндеу көрмегеніне отыз жылдан асыпты. Ойқы-шойқы, кедір-бұдыр жиырма бір шақырымдық осы аралыққа жеткенше шаршатып, діңкеңді құртады дейді жергілікті тұрғындар. 

Жолдың жамандығынан бұл жаққа жедел жәрдемнің жетуі, азық-түлікті жеткізу мұңға айналған. Сарыкөлдіктер аудан орталығындағы емханаға бару үшін, керек жарағын алу үшін такси жалдауға мәжбүр. Олардың өзі оңайлықпен келіспейді.

Любовь Строк Сарыкөл ауылының тұрғыны:

Осы жиырма шақырымдық қашықтыққа, тіпті, төрт мың теңге берсең де барғысы келмейді.Өйткені жол жаман. .

Былтыр бізге берген сұхбатында аудан басшылары бұл жолды қалпына келтіреміз деп уәде еткен еді. Сөздерінде тұрып, биыл жөндеуді бастапты.

Оганнес Петоян, бас мердігер:

Осы уақытқа дейін жеті шақырым жөнделді. Бұл жерде Кировецтің доңғалағы бататындай шұңқырлар болатын. Енді, міне, өздеріңіз көріп отырсыздар тақтайдай теп тегіс.

Биыл Сарыкөлге дейінгі жолдың үштен бір бөлігі жөнделген. Жоба екі жылға есептелген. Ал оның жалпы құны 700 миллион тенгеге жуық.

Данияр Алматов, аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және көлік жолдары бөлімінің басшысы:

– 2022 жылға республикалық бюджеттен «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 188 миллион тенге бөлінді. Енді қажетті 477 миллион тенге келер жылы түсуі тиіс. Биылға қаралған қаржы толық игерілді. Қаржыландыру жағынан тежеу болмаса, жазға қарай жер құрғасымен жөндеу жұмыстары жалғасады.

Қарабалық ауданы аумағында жолдардың жалпы ұзындығы 530 шақырым. Соның үштен бір бөлігі нашар. Ең нашар деген Сарыкөл сияқты тағы үш ауылдың жолын алдағы жылы толық жөндеп, тапсыру жоспарланып отыр..

Авторлары: Мағауия Қалиев , Сергей Трахтенберг