Қызылорда облысында жаңа жылу электр станциясы салынады

Қызылорда облысында электр желілері әбден ескірген, энергия тапшылығы бар. Салдарынан жарық жиі сөнеді. Мамандар қаладағы жылу электр орталығын алпыс жылдан бері жөндеумен әлек. Енді жаңасы салынатын болды. Ірі энергетикалық жобаға шетелден инвестиция тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы құны 215 миллиард теңгеден асатын жаңа нысан 3,6 гектар аумаққа салынады. Сыр елінде бұрын-соңды болмаған заманауи үлгідегі орталық сағатына 277 гекокалория жылу мен 240 мегаватт электр энергиясын өндірмек.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Бұл біздің өңірімізді толығымен жылу және электр энергиямен қамтамасыз етеді. Бұл жобаның мерзімі 36 ай деп келісімшартта көрсетілген. Дегенмен біз компания басшыларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл жобаны бір жарым, екі жылдың ішінде аяқтауға толық мүмкіндік бар екенін мәлімдеп отыр. Біз осыған министрлікпен бірге жұмыс жасайтын боламыз.

Гүлжан Қалижанқызы, ҚР энергетика министрлігінің өкілі:

– Біз енді өзі тарапымыздан 15 жыл ішінде электр қуатын сатып алуға кепілдік береміз. 15 жыл инвестор үшін өте қолайлы, тұрақты ұсыныс. Бұрын-соңды Қазақстанда жылу электр орталығын шетелдік инвестор көмегімен соғу әлі болмаған.

Жаңа жылу орталығын мазут, табиғи газ, жел генераторы мен су электр станцияларында қуат өндіруден әлемдік тәжірибесі мол түрік компаниясы салып шығады. «Акса Энерджи» мекемесінің басшылығы мен энергетика министрлігі екіжақты келісімшартқа қол қойды.

Мұстафа Кемаль, «Акса Энерджи» түрік компаниясының өкілі:

– Африканың Гана, Мали, Мадагаскар, Конго елдерінде және Өзбекстан мен Түркияда жылу электр орталығын салдық. Қызылордадағы жоба желтоқсан айында басталады деп отырмыз. Қазір есептеу мен зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Газдан энергия өндіреміз.

Жалпы биыл облыс бойынша 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандығы қайта жаңғыртылмақ. Бұл жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен 676 миллион теңге бөлініп отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов