Комплаенс – жемқорлықпен күрестің тиімді жолы

Бүгін Алматыда жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жолдары мен комплаенс қызметі талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен жиынға мемлекеттік мекеме басшылары, ірі компаниялар мен холдинг жетекшілері қатысты. Қазір комплаенс қызметі квазимемлекеттік салаға толықтай енгізілген. Нәтижесі де көңілден шығады.

Комплаенс қызметінің басты мақсаты – жемқорлыққа қарсы күрес заңын қатаң ұстана отырып, мемлекеттік мекеменің іскерлік беделін бекем ету. Нақтырақ айтсақ, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, мамандардың жемқорлыққа қарсы күрес қабілетін арттыру, келісімшарттарды бақылау және сенімсіз серіктестерден сақтану сынды міндеттемелерді атқарады. Өйткені квазимемлекеттік салада комплаенс қызметі тәуелсіз.

Жігер Байділдин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің превенция қызметі басшысының орынбасары:

– Бүгінгі күні квазимемлекеттік саладағы комплаенс қызметінің қамтылуы 100 процент. Дегенмен бұл қызметтің кемшін тұстары да бар. Мысалы, кейбір компанияларда комплаенс міндетін өзге мамандар қосымша жұмыс ретінде атқарып жүр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі жоғары білімді мамандарды арнайы талаптарды ескере отырып, комплаенс саласына қайта даярламақ. Жиынға қатысқан ірі мемлекеттік мекемелер комплаенс қызметіндегі жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибелерін ортаға салды.

Дәурен Ақшалов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ комплаенс қызметінің басшысы:

– 2017-2022 жылдарды алсам, бес есе өсті адамдардың хабарласуы. Ол біздің хабарламаны беруі, бізде қандай қарама-қайшылықтар бар, бізде қандай мүдделер қақтығыстары бар, қандай компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз. Ол кіммен қатысты солардың бәрін адамдар бізге айта бастады, ашық айта бастады.

Айта кетейік, Республика бойынша 6 мыңға жуық комплаенс қызметі жұмыс істейді. Ал Алматыдағы 420 квазимемлекеттік мекеменің 322-і жергілікті атқарушы биліктің құзырында. Қала әкімдігі мекеме басшыларының жұмысын бағалау үшін КРІ балдық жүйесін енгізуді ұсынды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон