Анкарада А.Байтұрсынұлына арналған конференция өтті

Түркі әлеміне ортақ ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы. Осындай атаумен Анкарада халықаралық конференция өтті.

Тек елімізде ғана емес әлемде Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми- ағартушылық мен қайраткерлігі зерттеп жүрген ғалымдар аз емес. Ахаңның 150 жылдық мерейтойын атап өткен Түркияның қоғам қайраткерлері, Анкарада бас қосты. 

Нергиз Бирай, Памуккале университетінің профессоры, түркітанушы: 

- Түркияда Алаш қозғалысы мен Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу жұмыстары 2000 жылдары басталды. Өзім де доценттік диссертациямды ақынның өлеңдері бойынша қорғадым. Ол кітап болып жарияланды. Биыл 150 жылдық мерейтойға орай, түркі дүниесі ұстазының мұрасы жайлы кітап әзірледік. Қазақстан елшілігі мен Еуразия жазушылар одағы атынан жарық көрмек.

Өзгүл Чобаноғлұ, Хажеттепе университетінің профессоры, түркітанушы:

- Түркияда бірнеше ғалымымыз диссертациясын осы тақырып бойынша қорғады. 150-200-ге жуық мақала жарияланды. Олардың саны барған сайын артып келеді. Ахмет Байтұрсынұлын күллі түркінің ағартушылық тұрғысынан көшбасшысы деп айтсақ кем айтпаймыз. Оның арманы- тәуелсіз Қазақстан, тәуелсіз түркі дүниесі болды. Сол себепті осындай іс-шаралардың маңызы зор.

«Кардеш калемлер» әдеби журналының Ахмет Байтұрсынұлына арналған кезекті саны таныстырылды. Редакция алқасы «қазақ тіл ғылымы атасының 150 жылына» өз үлесін осылайша қосуды жөн санапты.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Кардеш калемлер журналында ақынның ғылыми мұралары мен мақалалары, сондай-ақ әр жылдары табылған қолжазбалары мен тұтынған жәдігерлері орын алған. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған журнал санының редакторы түркітанушы ғалым Нергиз Бирай. Профессор бұл айырықша журнал санында түріктің белгілі ғалымдарының басын қосып, тіл реформаторын жан- жақты түсіндірген.

Якуп Өмероғлұ, Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы:

- Кардеш калемдер журналы, Бауырлас қаламдар қазақша айтсақ, тек қана Түркияда басылып қалмайды. Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Болгариямен қоса түркі елдеріне де жібереміз. Сол арқылы, түркі дүниесіне Ахмет Байтұрсынұлы туралы мағлұмат тарайды деп есептейміз. Ахмет Байтұрсынұлы бәріміздің ортақ тұлғамыз. Тек қазақтың емес, түркі дүниесінің. Мұны барлық зиялы қауым білуі тиіс деп ойлаймыз.

Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары кеңінен талқыланды. Тіпті Түркия университеттерінің докторанттары ақынның өлеңдерін жатқа айтып, ән арнады.

Ғасырда бір туатын дара тұлғаның 150 жылдығына арналған шаралар легі жыл бойы жалғасатын болады.

Меруерт Қанағат