Ақтөбеде көп балалы аналар қайтарымсыз қаржыға кәсіп бастады

Ақтөбеде жеке іс бастап, кәсібін көркейтіп отырған әйелдер саны артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтырдың өзінде ұн, макарон өнімдері мен сұлулық салонын ашқандардан бөлек, тың идея ұсынған 100 шақты көп балалы ана қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Бұл Аида Сақтағанованың соңғы рет алған жаңа жабдығы. Ал бұған дейін ауыл кәсіпкері ұзақ жыл бойы түнімен өзі нан пісіріп, таңда дүкенге жеткізіп тұрды. Себебі қала шетіндегі елді мекенге ұн өнімдерін тасушылар аптасына 2-ақ рет әкелген. Ал жергілікті тұрғындар тарапынан нанға сұраныс ешқашан түскен емес. Тапсырысты қамту мүмкіндік деп білген көп балалы ана бизнес идеясын гранттар байқауына да ұсынып, жеңімпаз атанады. Берілген қайтарымсыз қаржыға қажетті жабдықтар алып, іске қосты. Қазір шағын наубайханасы тұрақты жұмыс істеп тұр.

Аида Сақтағанова, кәсіпкер, көп балалы ана:

– Жұмыс табылады әркез. Қолынан бір нәрсені келтіруге болады әйтеуір. Тек отырмау керек бір орында. Бірнәрседен бірнәрсе шығару керек. Сосын қасыңда көмектесетін адамдарың болса идея тастап, көмектесіп тұрса. Екі адамға, үш адамға бас көбейген сайын тез алға қарай баса беруге болады.

Мұнда күніне мыңға жуық бөлке пісіріледі. Өнім ауылдың барлық дүкендерінен өзге көрші елді мекендерге де жеткізілуде. Ал наубайхана бүгінгі көрсеткіштен де көп нан пәсіруге қауқарлы. Сол себепті кез келген уақытта өнім түрі көбейтілмек. Қазір мұнда бес адам тұрақты еңбек етіп жатыр.

Айнагүл Бисенова, наубайхана қызметкері:

Ертеңгісін таңнан тұрамыз. Бес жарым, алтыда келеміз осында. Сосын илеп, көтертіп, сол процесс кете береді. Кешкі алты жарымға шейін пісіреміз. 7-лерде үйде боламыз. Кейде 800, 900 мың. Қазір мыңға шейін көтерілді жазғы мезгілде. Батондар 76,80, бүгін 90 батон.

Жеке кәсібін өрге өрбітіп отырған көп балалы ана бүгінде ауыл кәсіпкерін қолдау жөніндегі мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың ісімен танысуды қолға алған. Себебі алдағы уақытта кондитерлік өнімдер цехын ашуды көздеп отыр. Ал, өткен жылы Ақтөбеде 100-ге жуық көп балалы ана грант ұтып, іс бастаған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев