Көне тарихтың куәсі. Павлодарда ерекше көрме ашылды

Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде бірегей көрме ашылды. Ерекшелігі сол, құнды жәдігерлер халық назарына бұрын-соңды ұсынылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрмеге қойылған экспонаттардың қатарында бірнеше ғасырлық тарихы бар заттар бар. Экспозиция тарихи-өлкетану музейінің 80 жылдық мерейтойына орайластырылды. Этнографиялық экспедициялар барысында жиналған жәдігерлер көшпенділер өмірінен сыр шертеді. Көрмеге тұрмыстық бұйымдар, еңбек құралдары мен көне кітаптар қойылды.

Бұл кебеженің жүз жылдық тарихы бар. Құнды зат ою-өрнектермен безендірілген. Көне төте әліпбиіндегі жазбалар да жақсы сақталған. Ал мына үрлеуіш, яғни көрік, жылқы терісі мен ағаштан жасалған.

Жеңісбек Қадырұлы, музей қызметкері:

– Көріктің ортасын жылқының терісімен қаптаған екен. Яғни мынаның артына ұзын ағаш орнатылады, сол ағашты көтерген кезде бұл жер үрлейді. Желді мына мойнынан үрлеу арқылы. Мойны темірден болады, қуыс темірден.

Мамандардың айтуынша, әр жәдігерді күтіп-ұстау – күрделі іс. Себебі ылғалдылық, жарық режимін сақтау керек. Ереже бұзылса, экспонатқа зиян келуі мүмкін.

Әлия жомартова, Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі қорының бас сақтаушысы:

Жәдігерлердің көбі әбден тозған. Күн жарығына шығаруға болмайды. Электр жарығының да зияны бар. Сондықтан оларды қысқа мерзімге ғана шығардық. Музей қорын үш әдіс арқылы толықтырамыз. Экспонаттарды сатып алу, археологиялық-этнографиялық экспедициялар барысында табу жолдары бар. Тұрғындар сыйға тартқан заттар да қорға алынады.

1926 жылы жасалған кебеже, ғасырлық тарихы бар ортеке, ұстаның көрігі пен тағы басқа жәдігерлер келушілердің қызығушылығын тудырған. Музей қызметкерлері әр заттың тарихы туралы ақпарат береді. Ерекше көрме 10 күн бойы ашық болады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков Жеңіс Темірболат