«Хабар 24» арнасының түсіру тобына күш қолданғандардың ісі сотқа жетті

Солтүстік Қазақстан облысында арнамыздың түсіру тобына күш қолданғандардың ісі сотта қаралып жатыр.

Естеріңізде болса, өткен жылы тамыз айында аймақтағы әріптестеріміз «Ашық» жобасы жайында материал жасамақ болып, шаһардағы ең ірі ойын-сауық орталығына барған еді. Алайда ондағы күзетшілер тілшілерді күштеп сыртқа шығарып жіберген болатын. БАҚ өкілдері полицияға арыз түсірді. Артынша Қылмыстық кодекстің 158 бабы, 2 –бөлігі, яғни «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол тек бір жыл екі ай дегенде ғана сотқа жіберілді. Осы уақытқа дейін іс 6 рет жабылып, жеті рет ашылған. Алғашқы отырыста жәбірленуші тараптан жауап алынды. Ал келесі процесс 15-і қазанда өтеді.

Дмитрий Баранов, адвокат:

- Қазақстанда аталған бап бойынша сотқа дейін жеткен материалдар өте аз. Өз тәжірбиемде кездестірген жоқпын. Дегенмен, жәбірленушілердің дәлелі жеткілікті. Қылмыс құрамы анықталды. Қажетті видеоматериалдар да бар. Яғни бұл жерде расында да журналистің қызметіне кедергі жасалғандығын айқын көруге болады.