Қарағанды облысы онкологиялық аурулардың асқынуы бойынша ел ішінде IV орында тұр

Тек соңғы жарты жылда кеншілер шаһарында 340 нәзікжандыдан  сүт безінің қатерлі ісігі анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар қауіпті дертті ерте бастан анықтаса, емге көнеді деп отыр.

Любовь Ламанова  – Ресей азаматы. Көптің бірі сынды ол да бір күні басына үлкен сынақ келерін сезбеген. Скрининг тапсырған нәтижесінде енді пайда болып келе жатқан қатерлі ісік анықталады. Диагнозын білген соң, Қазақстанда емделгісі келіпті. Бүгінде ем қонып, құлан таза сауыққан.

Любовь Ламанова, пациент:

- Қауіпті диагноз анықталған кезде науқасқа бірінші жанашыр адам ол – жақындары. Сондықтан індеттің атын естіп, өз-өзін жегідей жеуге болмайды. Қазір ауру алғашқы кезеңде анықталса оны 100% емдеп, жазуға болады. Содан кейін дер кезінде скринингтік бақылаудан өтіп отыруы тиіс.

Мерзімді скринингтеу індетті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Артынша әйелдер КТ, УДЗ, маммографиядан өтіп жіті бақыланады. Себебі мамандар індет жасарып келе жатқанын айтады. Бұрын 50 жастан асқан әйелдер арасында анықталатын ауру соңғы уақытта 40 жастағы келіншектер арасынан да анықталатын болған.

Әсел Үйсін, маммолог дәрігер:

- Сүт безі негізінен репродуктивті орган болып есептеледі. Яғни босанған соң баланы емізу керек. Бірақ қазір көптеген әйел жұмыс бабымен емізе бермейді. Бұл да кері әсерін береді. Індеттің асқынуы гинекологиялық аурулардың асқынуынан да болады. Сондықтан әйел адам бірінші кезекте ай сайын өзін-өзі бақылап, төс тұсында өзгерістер мен аурулар болса бірден қаралуы керек.

Қарағандыда жылына жалпы тұрғындар арасында 3700-ге жуық қатерлі ісік анықталады. Соның 15% сүт безінің обыры. Бұл індеттің дәл осы түрі өзгелермен салыстырғанда көш бастап тұр деген сөз. Десе де әйелдер арасындағы індеттің 80% 1-ші, 2-ші кезеңде анықталып жатады. Сондықтан мамандар әйелдерге жылына бір мәрте скрининг тапсырып, маммолог дәрігерге көрінуге кеңес береді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар