Қызылорда облысында жаңа әлеуметтік нысандар ашылды

Республика күні – ұлттық мерекесіне орай Сыр өңірінде бірқатар әлеуметтік нысан ашылды. Жаңадан бой көтерген оқушылар үйі мен өнер мектебі, балабақша мен ойын алаңдары «Балалар жылында» ерекше тарту болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалағаш ауданының орталығында бой көтерген екі қабатты зәулім ғимаратта 200 орынды оқушылар үйі мен 50 орынды өнер мектебі қатар орналасады. Талабы таудай өрендер үшін үшін мұнда 25 үйірме ашылған.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

– Бүгін есігін айқара ашқан білім ордасында да жалағаштық бүлдіршіндер қосымша біліммен қамтылып, бос уақыттарын тиімді өткізетін болады. Аумағы 29 мың шаршы метрді құрайтын 250 орындық ғимаратқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 431 млн 500 мың теңге қаржы жұмсалды.

Жалағаштық оқушылар үшін уақыт талабына сай робототехника, IT бағыты мен шет тілдерін үйренуге арналған үйірмелер жаңадан ашылатын болады,-дейді ұстаздар.

Аянат Бақберген, оқушы:

– Оқушылар үйі жаңа үлгіде жасалған. Таза, барлығы қатылған ішіне. Оқушылардың барлығы қызығып келеді.

Сондай-ақ бүгін осы Жалағаш ауданының Таң ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория тұрғындар игілігіне берілді.

Атымтай Нәсиұлы, Таң ауылының тұрғыны:

– Медициналық қызметкерлер жаңа құралдарды пайдалана отырып, ауыл тұрғындарына жақсы көмек береді, науқастарына ауруларына шипа болады деп үміттенеміз.

Мерекелік тарту мұнымен түгесілген жоқ. Облыс орталығында 300 орынды балабақша, 40 су жаңа қоғамдық көлік және демеушілердің қолдауымен салынған 80 ойын алаңы пайдалануға берілді.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов