Аралда мал басы көбейді – Қызылорда облысы

Арал ауданында мал басы көбейді. Теңізді жағалай қоныстанған жұрт түлік басын 250 мыңнан асырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр қуаңшылықтың шеңгеліне түсіп, күйсеуге қылтанақ таппай, алты жүз бас мал қырылған еді. Осыдан кейін өлке шаруалары көтерем малды қалай оңалтты? Табиғаты шөлейтті Арал аймағында түйе саны 35 мыңнан асып жығылады. Саусаң сусын, жесең азық, мінсең көлік Ойсылқара тұқымы теңізден жырақ қоныстанған Қазалы мен Арал жұртын асырап отыр. Бұрын маң-маң басқан шөл кемесін жыраққа жайып жіберіп, тек көктем-күз санайтын Жаңабай Сәриев құрғақшылықтан кейін түйелерін күнделікті қорып жүруге көшкен.

Жаңабай Сәриев, малшы:

– Биыл малдың күйі жақсы. Сиыр, жылқы төрт түліктің бәрі бар. Биыл шөп жақсы ғой. Қыстан шығамыз, жем-шөп келіп жатыр. Көп малды қолда баға алмайсың. Малы көп адамдар құмның арасына айдап жіберіп, арасында қарап тұрады.

Жайылым-шабындықты суландыру мен түліктің аптап ыстықтан қысылмай шығуына биліктің көмегімен қазылған құдықтардың пайдасы тиіпті. Жоспарланған 15 ұңғыманың 13-інен қазір мал су ішіп тұр.

Серік Диқанов, шаруа қожалығының маманы:

– Біздің өзіміз Құланды, Беларан ауылдық округінен ұңғыма қазып алдық. 151 метр тереңдіктен қазылды. Жақсы болды, өте пайдалы. Қасынан тағы қаздырдық 22 метрден шықты. Олардың суы тұщы болып тұр. Тек бізге қиындық жері Ақбасты, Көкаралда терең қазу керек болып тұр. Мың метрдің бер жағынан шықпайды су. Соған қазатын жағдай керек. Қазір ондай жоқ. Себебі 200 метрден артық қаза алмайды.

Шөлге шыдамды түйеден бөлек, аша тұяқты және мүйізді ірі қараның саны едәуір артқан. Аудан тұрғындары қазір 60 мыңдай сиыр, 44 мыңдай жылқы мен 66 мыңнан астам қой өрбітіп отыр. Бұл сандар неге тез өсті дегенге үңілсек, қуаңшылықта өлген малы есепте тұрмаса, өтелмейтінін білген шаруалар малын дереу тіркей бастапты. Одан бөлек субсидия беру тәртібі жеңілдегесін де малшылар «артқы» қораның түкпіріндегі түлігін заңдастыруға көшкен.  

Еркін Әбішев, аудан әкімінің орынбасары:

– 2021 жылға дейін ауданда 20 шаруашылық субсидия алып келсе, биыл 260 шаруашылыққа субсидия алуын жолға қойып, үйретіп, қол жеткізіп, бір ізге салдық. Қазір шаруалар мал басын тіркетіп, ашықтық болды. Бұрын шаруашылығын кеңейте береді бірақ малы тіркеліп тұрмайды. Қазір субсидия мәселесін түсінгеннен кейін мал басын, аналығын тіркеуге жұмыс жасап жатыр.

Малы қоңды, тірлігі оңды, қазаны майлы, тұрмысы жайлы бола бастаған шаруалар енді қымыз-шұбат сату жағын қарастырып жатыр. Одан бөлек төрт түліктің терісі мен жүнін кәдеге асырудың нақты жоспарын таппай жүр екен. Жем-шөбі түгенделген шаруалар мемлекет енді агроөнімдерді терең өңдеуге көмектессе дейді.

 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев