Ақмола облысының Целиноград ауданында 250 орындық жаңа стационар салынады

Алдағы жылы Ақмола облысының Целиноград ауданында 250 орындық жаңа стационар салынып, 10-нан астам профильді бөлімше ашылады. Балалар хирургиясы, акушерлік-гинекологиялық бөлімдер науқастарды қабылдай бастайды. Бүгінде аудандық емхана Ақмол ауылында орналасқан. Өңірде одан өзге 12 дәрігерлік амбулатория, 26 медициналық пункт, 7 акушерлік бекет жұмыс істеп тұр. 450-ден астам медицина маманы жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. Енді, "Дені сау ұлт" жобасы аясында емдеу мекемелерінің саны едәуір артпақ. Целиноград ауданындағы денсаулық сақтау саласының дамуымен біздің тілшілеріміз танысып қайтты. Ақбота Әбубәкір былтыр медициналық жоғарғы оқу орнын тәмамдай сала Алматыдан елорда маңындағы Ақмол ауылына келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас маман бұнда 1 жылдан бері жалпы тәжірибелік дәрігер қызметін атқаруда. Күніне 30-дан аса адам қабылдайды. Жұмыс жағдайына көңілі толады.

Ақбота Әбубәкір, Целиноград аудандық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері:

Ауылдық жерді таңдаудың бірден-бір себебі осы болатын. Себебі жұмысты ең алғаш бастаған жас маманға өте қолайлы жағдайлар жасалған. Біріншіден бізді жалдамалы қызметтік пәтермен қамтамасыз етті, бір реттік беретін үстемеақымен қамтамасыз етті.

Емхананың ерекшелігі сол, дәрігерлерінің 70 пайызы жас мамандар. Соңғы екі жылда 23 түлек қызметке кіріскен.

Дәурен Сыбанбаев, Целиноград аудандық емханасының бас дәрігері:

Кейбір дәрігерлерге үй ұсынылған. Ауылда тұрып, осы жақта жұмыс істеп қызмет етіп жатыр.

Келер жылы Целиноград ауданында 16 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталады. Қатарында көпсалалы ауданаралық аурухана бар. Елеулі өзгерісті тұрғындармен қатар дәрігерлер де асыға күтуде.

Дәурен Сыбанбаев, Целиноград аудандық емханасының бас дәрігері:

Үй мәселесі ол да қарастырылып жатыр. Өйткені дәрігерлерге, медбикелерге тұратын жер керек. Бүкіл сұрақтарды қойып, шешіп жатыр министрлік. Сол жақсылықтарды күтудеміз.

Бүгінде емдеу мекемесіне 53 мың адам тіркелсе, 19 мыңы балалар. Жыл сайын халық санының ұлғаюымен дәрігерлік көмекке сұраныс өсуде. Ендігі мақсат  - медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру.

Авторлары: Рухани Асқар, Наурызбай Құрманғазы, Дмитрий Николаев