Байқоңырда «Жұлдызды қала» облыстық жастар слеті өтті

Ғаламдық ғылыми-техникалық прогрестің жарқын көрсеткіші саналатын Байқоңыр кешені жастардың озық жобалары жүзеге асырылатын өндірістік алаңға айналуға тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Сондай-ақ 7 мыңдай шаршы шақырым аумақты алып жатқан әлемдегі ең үлкен ғарыш айлағына қажетті мамандар өңірдегі білімді өрендер арасынан іріктелгені жөн. Ғылымға бейім кейінгі толқын өкілдерін қолдауға бағытталған ұсыныстар «Жұлдызды қала» облыстық жастар слетінде кеңінен айтылды.

Слеттың секциялық кезеңінде Байқоңыр мен облыстағы барлық жастар ресурстық орталықтарының жұмысы таныстырылып, тәжірибе алмасып отыру бағытында келісім жасалды. Сондай-ақ еріктілер қозғалысының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар талқыланды. Жалпы форум облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген Байқоңыр жастарын қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді шаралар жоспары аясында өткізіліп отыр.

Талғат Тілес, Облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі: 

- Осы жоспар аясында жастарды мәдени, рухани жан-жақты қолдауға бағытталған ісшаралар жоспары әзірленген. Біз ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған жастармен 2 бағытта жұмыс жасаймыз. Осы тәжірибемізді ұнатып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі болуына орай жұмыссыз және оқуына байланысты жұмыссыз «Neet» санатындағы пробацияда тіркеуде тұрған жастармен жұмыс жасау болып табылады. 

Пленарлық отырыста жастар саясаты бойынша басым бағыттар талқыға салынды. Жер кіндігі Байқоңырды жабық қаладан мүмкіндіктер алаңына айналдыру жолдары ұсынылды. Он мыңға жуық жас мекендейтін жұлдызды қалашықтағы белсенді еріктілер Алғыс хатпен марапатталды. 

Сергей Мартынюк, «Будущее Байконура» жастар орталығының директоры:

- Бізде 1-сынып пен 35-ке толған адамдар жас толқын өкілі ретінде саналады. Сондықтан жастар ресурстық орталығы олардың барлығын қамтуға тырысады. Жастар үшін мәдени-спорттық секциялардан бөлек ауыр техника құрастыру үйірмесі ашылған. Жасанды зымыран ұшырумен де шұғылданады. Ғарыш кемелерінің орбитаға ұшу сәтін жиі тамашалайды. Енді осы мүмкіндіктер облыстың ауыл-аудандарында тұратын жастарына да қолжетімді болмақ.    

Танымы мол шараға жиналған жастар ғарыш айлағы мен космодром мұражайын аралап, «Будущее Байконура» жастар орталығының жұмысымен танысты.