Еліміздегі жасөспірімдер энергетикалық сусындарға әуес

Елімізде жасөспірімдердің 43 проценті энергетикалық сусындарға әуес екен.

Көңіл көншітпейтін статистиканы Ұлттық денсаулық сақтау ортылығының мамандары айтты. Дәрігерлер кәмелет жасына толмаған балаларға сергіткіш сусынды сатуға тыйым салу керек деп дабыл қағып отыр. Себебі адам ағзасын білдірмей улайтын өнім әсіресе балалар үшін өте қауіпті көрінеді.

Бұл елорданың азық-түлік дүкеніндегі жағдай. Сатушы аз кідірді де оқушының қолына энергетикалық сусынды ұстатып жіберді. Себебі сөреде самсап тұрған өнімді балаға сатпау керек деген заң жоқ. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын.

Дәрігерлер де сергіткіш сусындарды балаларға ішкізбеу керек деп шырылдап отыр. Себебі ондай сусынды жиі ішетін жасөспірімнің бауыры маскүнемдікімен бірдей болады екен. Тіпті жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, соңы қатерлі ісікке ұласуы әбден мүмкін. Сондықтан балалар мен жүкті әйелдерге және қарт адамдар мен қан қысымы бар жандарға бұл сусынды үзілді-кесілді ішуге болмайды.

Жанар Қалмақова, ҚР ДСМ "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" Басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Энергетикалық сусындардың құрамында кофеиннің көбі ең бірінші мәселе болып есептеледі. Өйткені өздеріңіз білесіздер, кофеинді жас балдарға әсіресе мектеп оқушыларына шамадан тыс қолдану оның жүрек-қан тамыры ауруларына, тіс кариесіне, қант-диабетінің көбеюіне өз салдарын тигізеді. Сусынның құрамында бар б 12 витамині де екі үш есе көп. Ол да өзінің кері әсерін тигізеді.

Алыс жолға шығатын көлік жүргізушісі ұйқымды шәйдай ашады деп бір екі құтыны қолтықтай кетуді әдетке айналдырған. Алайда энергетикалық сусындар ағзаны күш-қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым дәлелсіз. Сусында ондай қасиет жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни біз өз бойымыздағы қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға аламыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға мәжбүр боламыз. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты сарқып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады. 

Светлана Романовская, Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының басқарма төрағасы:

- Біздің елде оқыс жағдай болмағанымен, энергетикалық сусынның кесірінен жүрек айну,бас айналу шағымдарымен жүгінгендер бар. Бұл өнім алкогольді ішімдіктер қатарынан болу керек, жастарға сатуға тыйым салу керек екенін бұрыннан айтып келеміз. Тіпті сотқа арыз да тастадық. Өкінішке қарай қазір кәсіпкерлердің өзі мәселеге немқұрайлы қарап отыр. Құтының сыртындағы жарамды уақытын өшіріп қайта жазып жатқандары да жоқ емес. Бұл елдің болашағы үшін алаңдайтын жағдай деп ойлаймын.

Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері 2013 жылдың 19 тамызында «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулы бекіткен. Құжатта «орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік шараларда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады» – деп анық көрсетілген. Алайда ол қаулының іске асып жатқаны көрінбейді.

Гүлзия Нақыпқызы, Асхат Қарақойшиев, Наурызбай Құрманғазы