Атырау облысындағы бірнеше елді мекеннің су мәселесі шешілді

Атырау облысындағы бірнеше елді мекен тұрғындары ауыз судан таршылық көріп келген еді.

Бұл мәселені арнаның өңірдегі меншікті тілшілері де сан мәрте қозғаған болатын. Енді бірнеше жылдан бері шымбайға батқан ауыл тұрғындарының түйткілді түйіні шешілмек. Атырау облысында 8 елдімекенге су құбыры жүргізіледі. Өңірдегі Аққора, Қоныстану, Қоғам, Кенбай разъезі, Соркөл, Былқылдақты, Сарқұмақ ауылдарын ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, енді қаржы бөлінуін күтіп отыр. Егер келер жылдың бірінші тоқсанында қаражат табылса, жыл соңына дейін ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтылады. Бұған қоса тағы алты елдімекенге ауыз су жеткізу үшін жоба дайындалып жатыр.

Данияр Мүкішев, облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Атырау облысы бойынша ауыз сумен қамтылу деңгейі қазір 99,7 пайызды құрайды. Жалпы 2022 жылы 6 елді мекенге ауыз су құбыры жүргізіліп, іске қосылды. Бұдан 8 елді мекенге жобалық-сметалық құүжаттама жасақталып, қазір қаражат сұрау жұмыстары жүргізілуде.