Петропавлдағы жарылған құбыр әлі жөнделіп жатыр

Петропавлдағы жарылған құбыр әлі жөнделіп болған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

9 тұрғын үй мен нан-тоқаш комбинаты сусыз отыр. Асфальтті тесіп шыққан суық су көшеге жайылған. Ол жерде кешелі бері коммуналдық мекеме қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

72 жастағы Шарипа Ананьева күйеуімен бірге бүгін көз ілмей шықты. Зейнеткерлер түні бойы шелекпен жертөлеге толған суық суды тасып, әуре – сарсаңға түсті. Онда олардың қысқа дайындаған тағамдары сақталған.

Шарифа Ананьева, қала тұрғыны:

- Өте қорқынышты болды. Су қатты нөпірмен ақты. Шелекпен өзіміз шығардық. Осы құбырды жөндеген жұмысшылар әкімдік ақшамызды бермеді деп бәрін тастап кеткен. Артынан коммуналдық мекеме қызметкерлері келіп, шұңқырды жапты да қойды.

Үйдің ауласы көктайғақ. Тобықтан асқан су мұз болып қатып қалған. Кеше олар тұратын көшенің бойында құбыр жарылып, 15 тұрғын үй, балалар ауруханасы, бейімдеу орталығы мен нан-тоқаш комбинаты сусыз қалды.

Ербол Нәбиев, Сумен қамту кәсіпорны бас инженерінің орынбасары:

- Су жақын маңдағы үйлердің ауласына жайылды. Біз ол жерлерде дереу су сору жұмыстарын жүргіздік. Ал екі қабатты үйдің жертөлесі толып қалған. Тіршілік нәрін осы тәуліктің ішінде толық беруге тырысамыз.

Бүгін таңертең 6 үйге ғана су берілді. Ең қызығы, қыстың бірінші күні сыр берген құбыр биыл ғана салынған. Оған республикалық бюджеттен 87 млн теңге жұмсалды.  

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Сондай-ақ апаттың салдары анықталып жатыр. Себептері толық анықталғаннан кейін, егер де мердігер компания тарапынан жұмыстар сапасыз орындалған болса, онда тұрғындарға келтірілген шығын мердігер компания есебінен төленетін болады. Және де әкімдік тарапынан біз олармен претензиялық жұмыстар жүргізетін боламыз. Қажет болатын жағдайда сотқа жүгінетін боламыз.

Апат әлі жойылған жоқ. Коммуналдық мекеме қызметкерлерінің айтуынша, құбырдың қиысқан жері жарылып кеткен. «Ақау сапасыз жұмыстың кесірінен болуы мүмкін», - дейді олар.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков