А. Клебанов: Үйлерді жөндеуді компания өз мойнына алды

Екібастұздағы жылу электр орталығының басшысы Александр Клебанов қалыптасқан жағдайға байланысты түсінітеме берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, жылыту орталығының әбден тозғаны туралы бірнеше рет мәселе көтерген. Ал жөндеуге жеке компанияның шамасы жетпепті. Тарифті көтеруге де мүмкіндік берілмеген. Сондықтан әу бастан пайдасынан шығыны көп болды. Оны қаланың балансына беруді бірнеше жыл бойы ұсынған. Бірақ нәтижесіз. Кәсіпкердің айтуынша, апат кезінде зардап шеккен үйлерді жөндеуді компания өз мойнына алды. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін үлкендер мен балаларды облыстағы шипайжайларға орналастырған. Сондай-ақ Клебанов: «Тұрғындар Екібастұз жылу электр орталығын біздің компания  мемлекеттен алды, ­­деп ойлайды. Алайда оның активтерін 2008 жылы жеке компаниядан сатып алғанбыз», ­- дейді.

Александр Клебанов, «ЦАЭК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

- Апат салдарын ескере отырып, біз орталықты қайта қалпына келтіруге дайынбыз. Мемлекеттің қаржы салып жөндеуге қатысу жолдарын да қарастырамыз. Қазір басты мақсат тұрғындарға жайлы жағдай жасап, өз үйіне әкелу. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.