Ордабасы ауданында сатылып кеткен жерге үй салғандар сенделіп қалды

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданында елуге жуық тұрғын баспаналарын заңдастыра алмай сабылып жүр.

Себебі жер телімдері заңсыз саудаға шығарылып, қараша халыққа үлестірілген. Енді қолында құжаты жоқ тұрғындар далада қаламыз ба деп алаңдап отыр.

Мына жерді мен 2014 жылы алдым. Әлі бітпеген жері көп. Бізді қинап жатқаны документ. Құжат жоқ.

Зейнет жасына шыққан Мейрамбек Маханов әлі күнге дейін заңды құжатқа қол жеткізе алмай келеді. Жер телімін 500 мың теңгеге бағалағандар тек сенімхат қана жазып беріпті. Сондықтан өз үйі болса да, өзге жерде тіркеуге тұруға мәжбүр.

Мейрамбай Маханов, Арман-3 ауылының тұрғыны:

- Мұны бізге Заманбек деген кісі Госакт көрсетіп, картасын көрсетті. «Міне, шырағым осы жерге үй сала бер, документті өзім беремін»- деген. Міне содан бері 8 жыл өтті. 8 жылдан бере келе жатырмыз. Күні ертең, бір айдан кейін, 15 күн шыдай тұр - шыдай тұрмен келе жатырмыз. Бұл шыдамның да шегі болатын шығар. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Мынау ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 гектар жер телімі. Бірақ жер иесі мұны баспана салу үшін жұртқа сатып жіберген. Қазір бұл аумақ тұтас бір ауылға айналды. Алайда тұрғындар 8 жылдан бері меншігіндегі жылжымайтын мүлікке иелік ете алмай келеді.

Арман-3 ауылындағы 50-ге жуық тұрғынның қолында сенімхат бар. Көбі көпбалалы жандар. Басыбайлы баспаналарының құжатын рәсімдей алмаған соң өркениет игілігіне де жарымай келеді. Сапалы жол, көгілдір отын мен тұтынатын таза ауыз су жоқ. Тек электр жүйесін бір-бірінен тартып, сығарайған жарықты місе тұтуға мәжбүр.

Фарида Спатаева, Арман-3 ауылының тұрғыны:

- Бір үйдің үстінен қанша адам шығып отыр. Жол жоқ міне. Жолды мен өзім сыздырдым 2 мың теңгеден жинап. Балалар міне мектепке лай-лай жолмен барады. Аяқтары лай болып келеді. Үсті су болып келеді. Жедел жәрдем келсе ауылға кіре алмайды. Келіп тұрмыз дейді. Біз анау трассаға шығып тұрамыз. 

Шұбарсу ауылдық округінің әкімі жер мәселесін даулап жүргендермен жақсы таныс екенін айтады. Өйткені баспаналарын заңдастыру үшін жердің негізгі иесімен келісімге келу керек болған. Ал ол құрғақ уәдемен созбалаңға салып жүр,-дейді.

Әнуар Тұрсынбаев, Шұбарсу ауылдық округінің әкімі:

- Мен ол жер иесімен бір рет кездесіп, сөйлескенмін. Сол кезде түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Міндетті түрде аудандық жер қорына қайтарылуы керек. Одан кейін тұрғын үй салуға деп шешім шығарылып беріледі әкімшілік тарапынан.

Тұрғындар полицияға арыз жазды. Өйткені кінәлілер тиісті жазасын алуы керек деп есептейді. Құқық қорғаушылар қылмыстық іс ашылып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

Бағлан Қалмұрат, Ордабасы аудандық ПБ анықтау бөлімшесінің басшысы:

- Түлкібас және Ордабасы аудандарының екі тұрғынына қатысты суармалы жерлерді сатқаны үшін ұжымдық арыз тіркелді. Аталған арыз бойынша «Алаяқтық» қылмысы бойынша ҚР ҚК 190-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Барлық мән-жай анықталып, тергеу нәтижесімен заңды шешімі қабылданатын болады.

Тұрғындар тезірек баспананың заңдастырылуын талап етіп отыр. Қажетті инфрақұрылымдық жүйелерді де тартып берсін, дейді. Бірақ 200-ге жуық халқы бар аумаққа қатысты жер дауына сот шешімімен нүкте қойылады. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов