БҚО-ның Достық ауылында білім ордасы апаттық жағдай алдында тұр

Батыс Қазақстан облысының Достық ауылында білім ордасы апаттық жағдай алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғимараттың төбесінен су сорғалап, қабырғалары жарыла бастаған. Аязды күндері  кабинеттер мұздай суық болады. Ата-аналар балалары үшін алаңдаулы. Әкімдік өкілдері жаңа ғимарат салуға қатысты жыл сайын уәде бергенімен, құрылыс әлі бастала қоймаған.

Бұл ғимараттың салынғанына 40 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында жібі түзу жөндеу көрмепті. Бүгінде мектептің сыйқы қашқаны өз алдына, қауіпсіздік те уайымға айналды.

Бұл технология кабинеті екі жыл бұрын жабылған. Өйткені бұл жерде сабақ өткізу мүмкін емес. Мінекей, қабырғалары жарылып жатыр. Ал іргетасы әбден отырып кеткен.

Достық ауылы Орал қаласына жақын орналасқан. Мұнда көшіп келушілер қатары жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше мектепте оқушылар саны күрт көбейіп, ғимараттың жобалық қуатынан әлдеқайда асып кеткен. 650 орынға арналған білім ордасында қазір мыңға жуық бала оқып жатыр.

Ал оқушылардың жетістігі көңіл қуантады. Білім бәйгелерінен де, спорт додаларынан да олжалы оралып жүр. Әсіресе бокстан талайы чемпион атаныпты. Тек сол жеңімпаздардың жаттығып жүрген спорт залы әбден тозып тұр. Балалардың емін-еркін дайындалуына қолайлы жағдай жоқ.

Светлана Голубева, мектеп директоры:

- Салқын күндері ескі болғасын терезелерден жел кіреді. Материалдық-техникалық база жоқ деп айтуға болады, себебі тозып кеткен. Ата-аналар тарапынан алаңдаушылық бар. Түрлі-түрлі мекемелерге олар арыз-шағым жазып жатыр.

Соңғы бірер жылдан бері тұрғындар талай рет шағымданғанымен әкімдік өкілдері құрылысты алдағы жылдардың еншісіне ысыра беріпті. Әлеуметтік жобаға қатысты мән-жайды анықтау үшін облыстық білім басқармасының мамандарына жолықтық. Олар жаңа мектеп құрылысының басталу мерзімі нақты белгілі болғанын айтты.

Клара Меңдіғалиева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Облысымызда «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасына Достық ауылына 1200 орындық мектеп енгізілді. Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Құрылысқа қажетті қаражат көзі қарастырылған. Жоба жүзеге асырылса, апатты мектеп мәселесімен қатар орын тапшылығы да шешілмек. Әбден құрғақ уәдеге тойған тұрғындар енді келер жылдан қалмай құрылысты бастауды талап етіп отыр.