Семейдегі май зауыты күніне 1000 тонна күнбағыс дәнін өңдеуге қауқарлы

Семейде күніне 1 мың тонна күнбағыс дәнін өңдеуге мүмкіндігі бар май зауыты жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық өндірістің дамуына Аграрлық несие корпорациясының зор септігі тиді. Қаржы ұйымының көмегімен «Qazaq Astyk Group» компаниясы зауытты толық жабдықтап, өсімдік майы өндірісін жолға қойды.

Өсімдік майы зауыты былтыр шілде айында ашылған. Өндіріс орны тәулігіне 1 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы. Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен сатып алынған құрал-жабдықтар зауыттың мүлтіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр.

Александр Буженица, «Qazaq Astyq Group» ЖШС коммерциялық директоры:

- Серіктестеріміздің көмегімен, атап айтсақ, Аграрлық несие корпорациясынан жеңілдетілген шарттармен несие алдық. Жеңіл деп отырғаным, несиенің төлем бойынша каникулы бар. Бұл бізге үлкен көмек болды. Бүгінде соның нәтижесін көріп отырмыз. 

Кәсіпорында 200 адам еңбек етеді. Зауыттың құрылғанына көп уақыт болмаса да, өндіріс көлемін күннен күнге ұлғайтып келеді. Былтыр 160 мың тонна өнім өндірілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 240 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Марлен Нәбиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Жалпы жобаның бағасы 7,4 млрд теңге, оның 5,9 млрд теңгесі Аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржыландырылған.

Корпорацияның қаржылай қолдауымен Абай облысының аудандарында соңғы жеті жылда жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асатын 15 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бөлінген қаражатқа мал бордақылау алаңдары, ет-сүт өңдеу кешендері мен тауарлы сүт фермалары ашылған. Ал биыл өңірде «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» бағдарламаларының көмегімен ауыл шаруашылығы саласында 3 млрд теңгенің 186 жобасы іске асырылды.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов