Келер жылы 200-ге жуық жамбылдық жас маманға баспана беріледі

Бұл Жоспар «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жайында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов облыстың үздік жастарын марапаттау салтанатында мәлімдеді. Шарада сан-салада жетістікке жеткен жас мамандарға «Әулиеата үміті 2022» облыстық жастар сыйлығы табысталды.

Жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Жоба аясында барлығы 619 өтінім қабылданды. Бүгінде 25 қатысушы жеңілдетілген несиемен баспаналы болып үлгерді. Басқосуда облыс әкімі білім және денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген үш жас отбасына 2 бөлмелі пәтер кілттерін табыстады.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

- Баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында, Отбасы банкімен бірлесе отырып, қаржыландыру көлемін 4 есеге арттыруға жоспарлап отырмыз. Жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге Отбасы банк қосымша 1 млрд теңге қосымша бөледі. Сонымен біздің есебіміз бойынша, 200 азаматқа жастарға жуық келесі жылы пәтер кілтін алады деп ойлап отырмыз.

Салтанатты шарада 15 саланың үздіктері 15 аталып бойынша марапатталды. Нақтырақ айтсақ, «Үздік жас ғалым», «Үздік жас медицина маманы», «Үздік жас спортшы», «Үздік мемлекеттік қызметші» және мәдениет, білім саласы мен журналистика үздіктері де құрметке ие болды.

Диана Орынбасар, «Үздік жас тележурналист» номинациясының жеңімпазы:

- Бұл жастар үшін үлкен мотивация болатын жобаның бірі десем қателеспегенім шығар. Сондықтан да жалпы Жамбылдағы жаңалықты халыққа бірінші болып жеткізуге әрдайым тырысамын. Бұл номинация маған болашаққа үлкен серпін берді десем болады.

Өңірде мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 5 жылдық бағдарламасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бүгінде бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп, қаржыландыру көлемі де артқан. Мәселен соңғы екі жылда 2,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Атқарылып жатқан бұл істер жас буынды еңбекқорлыққа баулып, бастамаларын қолдауға бағытталған.

Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә