Қандай сыйлық сәнде?

Жаңа жыл қарсаңында туған-туыс пен дос-жаранға сыйлық ұсыну дәстүрге айналған. Берген затың ерекше болса, тіптен керемет. Қазір жұртшылық тосынсый жасауға әуес.  Мәселен, кейбіреулер 2023 жылдың символы – қоян немесе мысық беруі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, сарапшылар жан-жануарды сыйға тарту үлкен жауапкершілік екенін ескертеді.

Жыл сайын жаңа жылдан кейін иттер, егеуқұйрықтар мен тышқандар көшеде қалып кетеді. Себебі, тұрғындар оны керексіз болған соң далаға шығарып тастайды. Биыл кезек жылдың иесі қоянға келді.  Алматы қаласының тұрғыны Малика Кононова да балаларына қоян сатып алған. Бірақ, жан-жануарды сыйларда жауапкершілік болуы керек. Оның күтімін де ойлаған абзал,-дейді.

Малика Кононова, қала тұрғыны:

- Үй жануарларын сататын дүкенге осыдан 2-3 күн бұрын келіп кеткенмін. Алдымен оның күтімі туралы кеңес алдым. Қандай азық алу керек? Не ішіп, не жейді? Торының көлемі қандай болғаны жөн? Жалпы қоянға қалай қарау керектігін толық сұрап алдым десем де болады.

Маликаның айтуынша, енді қоян отбасыңның бір мүшесіне айналады. Балалар болса кішкентайынан жан-жануарға қамқор болуды үйренеді. Оны үйдегілердің барлығы бірдей бағып-қағатынын айтады.

Малика Кононова, қала тұрғыны:

- Мен өзбасым отбасында бір үй жануары болу керек деп санаймын. Ол балаларға жақсы. Жанашыр болып өседі. Әйтпесе, қазір жан-жануарды аямайтын қатыгездер көбейіп кетті ғой.

Алматыда декоративті қояндардың құны 7-8 мың теңге. Желтоқсан айында осы үй жануарлары дүкені  20-ға жуық қоян сатыпты. Көпшілігі оны тосынсый жасаймыз деп алған. Өздері үшін сатып алғандары да бар.  Сатушылар ең алдымен адамдарға оның күтіміне кететін қаржының аз еместігін ескертеді.

Ботагөз Қадыр, сатушы-кеңесші:

- Үйде балалар қоянды жұлмалап тастамасын деп ескертеміз. Кішкентай қояндардың жүрегі әлсіз. Оның үстіне өте қорқақ. Әрнәрседен үркіп тұрады. Бастысы мейрімділік танытып, уақытында тамағын беріп, таза ұстау керек.

Сондықтан үй жануарын алмай тұрып әбден ойланған жөн. Ал зооқорғаушылар жаңа жылға  сыйлық ретінде жан-жануар бергенді қолдамайды.  Себебі, жақсы қарайтынына ешкім кепілідік бермейді. Оның үстіне мерекеден соң өткізіп жіберуі немесе көшеге лақтырып тастауы мүмкін,-деп санайды. Құқық қорғау органдары мұндай әрекетке барғандардың жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Жануарларға оның ішінде үй жануарларына қандай да бір қастандық жасамауларын сұраймыз. Өйткені заңнама бойынша бұл іс-әрекеттер қылмыс болып табылады. Кем дегенде 100 айлық есептік көрсеткіш  мөлшерінде айып тағылады. Максималды шара бұл бір жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде.

Мұндай ерекше сыйлықты жұрттың бәрі бірдей бағалай бермейді. Өйткені, қоян мен мысық сөреге қоятын ойыншық емес. Сондықтан сыйлық таңдарда қателеспеген абзал.

Авторлары: Карлығаш Қайыпбекова,  Әбен Нарымбаев